Сенатор Үкіметтен кеме жасауға қосымша қаржы бөлуді сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенаттың жалпы отырысында депутат Ғұмар Дүйсембаев ҰҚК Шекара қызметі үшін қажетті шағын күзет кемесі құрылысына тиісті қаржы қарастыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің Каспий теңізі арқылы өтетін Батыс аймақтағы шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-теңіз күштерін техникалық жабдықтау үшін кеме және жүйрік қайықтар жеткілікті мөлшерде болуы қажет екені айқын. Сонымен қатар, жалпы Каспий өңірінің мемлекетіміздің транзиттік көліктік-логистика тұрғысынан халықаралық маңызы бар. Бүгінде отандық әскери кемелер жасайтын әрі күш құрылымдарға қажетті өнімдер шығаратын «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс аясында еліміздегі тапсырыстарды орындауға барлық мүмкіндіктері бар», - деді депутат Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында.

Осы орайда ол зауыт шағын күзет кемесі «Айбар» жобасын жасауға әзір екенін жеткізді. Аталған мәселе бойынша зауыт басшылығынан биылғы республикалық бюджеттің 2018-2020 жылдарға қосымша қаржыландыру лимитіне ҰҚК Шекара қызметін қосу туралы өтініш келді.

«Бұл тұрғыда 2018-2020 жылдарға республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаржыландырудың лимитінде Ұлттық қауіпсіздік комитетін қосу, сонда й-ақ 2018 жылы шағын күзет кемесі негізін құруға қажетті 500 млн теңге көлемінде қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», - деді Ғұмар Дүйсембаев.