Оның айтуынша, біз өз тәуелсіздігіміздің қасиетті кезеңінде тұрмыз. Қазақ елінің тәуелсіз болғанына ширек ғасыр. Осы уақыт аралығында Қазақстанды әлем таныды.
«Бүгінгі жүрісі де, екпіні де қатты уақыт үдерісіндегі ширек ғасыр көзді ашып жұмғанша кезең болар. Алайда, осы бір қас қағымдық сәтте Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы мен беделі асқақтай түсті. Әрине, бұл өзіміздің Елбасымыз, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасы екендігі дау тудырмайтын мәселе», - дейді сенатор Жабал Ерғалиев.
Елбасының «Ұлт жоспары қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы бүгінгідей әлемдік дағдарыс жағдайында Қазақстанның сол арманға бастайтын жолдан адастырмас темірқазығы іспеттес. Еліміздің күрделі заманның күрмеуін шешу жолын Елбасы тағы да нақтылы атап көрсетіп берді.
«Біз Мәңгілік ел болуды мұрат етіп отырған елміз. Ал, біздің Мәңгілік ел бола алатындығымызға күмәніміз жоқ. ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстанды әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарына қосуды жоспарлап отырмыз. Елбасы жаһандық дағдарысқа да қарамастан Қазақстанды 100 нақты қадам Ұлт жоспарын алға тартты. Соңғы бірер жыл аясындағы еліміздің серпінді дамуының нақтылы қадамдары жасалды. Ең әуелі Елбасының бастамасымен Еура азиялық экономикалық одақ құрылды, Қазастан қазір Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Осының бәрі еліміздің серпінді дамуына жол аша түскендігі сөзсіз.
Елбасы алға тартып отырған Ұлт жоспарын орындап шығу үшін Парламент аса қысқа мерзімде 59-дан астам заң қабылдады. Бұл заңдардың барлығы да Елбасының алға қойып отырған істерін жүзеге асыруды заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету мүмкіндігіне жол ашты. Ұлт жоспарының Қазақстанды жаңғыртудың басты жобасы екендігін атап көрсетті. Қазақстанды жаңғырту үшін бәріміз де жауаптымыз. Ол жауапкершіліктің басты міндеті ел бірлігін сақтау болып табылады. Бүгінгідей алмағайып заманда қазақстандықтардың ұйыған бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайту әрқайсымыздың басты міндетіміз болып саналады. Ел бірлігі үшін баршамыз жауаптымыз», - деп сөзін қорытындылады сенатор.