Сенатор жабдықтары тозған медициналық ұйымдардың мәселесін көтерді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенатор Ақмарал Әлназарова Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орталықтағы негізгі құрал-жабдықтың тозуы 71 пайызды құрап отыр. Мәселен, сәулелі жылуы бар 18 үстелдің тек 5-еуі жұмыс істейді, 18 кювездің тек 8-і жарамды. 2008 жылы сатып алынған лапароскопиялық тіректер тозған. Ультрадыбыстық аппарат пен дефибрилляторлар жеткіліксіз, функционалдық керуеттер уақыт талабына сай емес. Бұл орталықтың ұйымдық-құқықтық нысанын 2018 жылы акционерлік қоғамға өзгертудің нәтижесі болып отыр. Осыған байланысты орталық мемлекеттік қаржыландыру, қажет медициналық құрал-жабдықтар алу мен оларды жаңарту, қызметкерлерін мемлекет қаражат есебінен оқыту мүмкіндігінен айырылды», - деді А. Әлназарова.

Сенатор мәселенің кезек күттірмейтінін ескере отырып, Үкімет резервінен орталыққа шұғыл тәртіпте қосымша қаражат бөлуді сұрады.

Депутаттың айтуынша, мұндай жағдай Қазақ ұлттық медицина университетіне қарасты медициналық ұйымдарда, Педиатрия және балалар хирургиясы институтына, А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында, Кардиология және ішкі аурулар, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институттарында да қалыптасқан. Бұл медициналық ұйымдардағы жабдықтар 30-дан 85%-ға дейін тозған.

«Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне, жоғарыда аталған ғылыми орталықтар мен институттардың инфрақұрылымдарын жаңарту және оларды өз деңгейінде қаржыландыру мәселелерін шешуге бағытталған кешенді іс- шаралар жоспарын бірігіп қабылдауды тапсыруыңызды сұраймын», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар