Сенатор Жамбыл облысындағы бірнеше күрделі құрылысқа қаржы бөлінуіне ықпал етпек
Сенатордың жұмыс сапары алдымен Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасынан басталды. Мұндағы жөндеу жұмыстары бағаның қымбаттап кетуіне байланысты тоқтап тұрған болатын. Ал, жөндеу жұмыстары кешіккен сайын су қойма іргесіндегі ауылдарға кері әсерін тигізуде. Құрылысты толық аяқтау үшін тағы қосымша 1 миллиард 200 миллион теңге керек.
Су қоймасының мәселесімен жіті танысқан сенатор «Қазсушар» республикалық мекемесі облыстық филиалы директоры Ерлан Өтегеновке «Бұл су қойманың жөндеу жұмыстары аяқталған соң сіздердің теңгерімдеріңізге өтеді. Неге жанашырлық танытпайсыздар? Неге мәселені түсіндіріп, шешу жолдарын көрсетіп, ұсыныс білдірмейсіздер?», – деп, мұндағы жұмысқа көңілі толмағанын аңғартты.
Мұнан соң Бекболат Орынбеков «Amanat» партиясының Шу аудандық филиалында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Сенатор жергілікті халық қалаулыларына ҚР Парламенті Сенатының жұмысын жан-жақты айтып өтіп, мәслихат депутаттарының мәселелеріне құлақ түрді.
Депутат Болат Ниязбеков өмірден озған адамдардың несиесіне жеңілдік жасау мәселесін көтерсе, халық қалаулысы Ұлан Абуов «Ауыл аманаты» бағдарламасы үшін құжат әзірлеудің қиындығына, бас мердігерлердің салғырттығынан құрылыс жұмыстарының соңына жетпеуі жиілеп кеткеніне тоқталды.
Ал депутат, Шу аудандық мәслихатының төрағасы Жасұлан Әбенов аудандағы Әл-Фараби мектебінің «сақалды құрылысқа» айналғанына алаңдаушылық білдірді. Бекболат Орынбеков депутаттар көтерген мәселелерді Сенат мінберінен қозғауға дайын екенін жеткізді.
Мұнан кейін сенатор «сақалды құрылыс» саналған Әл-Фараби атындағы орта мектебінің құрылысын барып көрді. Үш жылдан бері жүріп жатқан құрылысты алғашқы мердігерлері орта жолда тастап кетіп, олармен бүгінде заң аясында соттасу жұмыстары жүріп жатыр. Жобалық-сметалық құжатында 750 миллион теңгеге бағаланған 300 орындық мектеп құрылысын аяқтау үшін әлі 350 миллион теңге қажет. Сенат депутаты мектепті қыркүйек айының соңына дейін бітіруді аудан әкімі Бақытжан Жәнібековке, техникалық қадағалаушы Айтуған Тілеуліге тапсырып, жұмысты ширату керектігін ескертті.
Сенатор Шу ауданының Балуан Шолақ ауылындағы 60 шақырымға бетон канал салып жатқан мердігер компанияның жұмысымен де танысты.
Сенатордың іссапары мұнан соң Мойынқұм ауданында жалғасты. Ол әуелі Айдарлы ауылындағы 500 орындық орта мектептің күрделі құрылыс жұмыстарымен танысты. Құны 250 миллион теңгелік құрылысты «Dauren Builo» мердігер компаниясы жүргізіп жатыр. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлінген құрылыстың жұмыстары межеленген уақытпен келе жатыр.
Бекболат Орынбеков аталған ауылда салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын да барып көрді. Бұл құрылыстың жалпы құны 359 миллион теңгені құрайды. Мердігер компания өкілдері құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін бітіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, сенатор Бірлік ауылындағы 1200 орындық Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер Дмитрий Идин мектеп құрылысын жылдам аяқтап беруге күш салып жатқандарын айтты.
Бұл күні Б.Орынбеков Мойынқұм ауданындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан өзге де бірнеше құрылыс нысанының жұмысымен танысты.
«Бүгін Шу, Мойынқұм аудандарында болып, мәселелері бар құрылыс нысандарын көрдім. Енді ол мәселелердің шешілуіне күш салатын боламыз. Іссапар соңында облыс әкіміне кіріп, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша ақылдасамын. Сондай-ақ, Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, Жамбыл облысындағы бірнеше күрделі құрылысқа жеткілікті қаржы бөлінуіне ықпал етсем деп отырмын», – деді сенатор.
Бұған дейін Жамбыл облысында 14 мәдениет нысаны, 23 спорт кешені салынатынын жазған болатынбыз.