«Аграрлық секторды әртараптандырудың негізгі бағыты – бау-бақша өсіру өндірісін дамыту. Қазақстанда жеміс-жидек өндіру преспективасы өте зор. Жылына 420 мың тоннадай жеміс-жидек өндірілгенімен, әлемдегі тамақтану стандарттарына сай әр адамға қажет жылдық норманы есептейтін болсақ, халқымызға 2,5 млн тоннадан астам өнім керек. Яғни біз оның 17 пайызын да қамтамасыз етіп отырған жоқпыз. Оның үстіне бау-бақшаның гектарынан түсетін таза табысы майлы дақылдармен салыстырғанды 16 есе, астық шаруашылығымен салыстырғанда 25 есе жоғары»,- деді Ә. Бектаев Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, бұл саланың еліміз үшін аса маңыздылығы, денсаулық үшін пайдалылығы, экономикалық тиімділігі құзырлы органдар тарапынан ескеріле бермейді.
«Біз әлі де импортқа тәуелдіміз. Елімізге жылына 230 мың тоннадан астам бау-бақша өнімдері шеттен әкелінеді. Біздің нарығымызға көршілес Өзбекстан, Қырғызстанды айтпағанда, Түркия, Польша, Беларусь, Молдова, Әзербайжан, Қытай, Иран мемлекеттерінен жеміс-жидек тасымалданады. Олардың ішінде ГМО өнімдері де жоқ емес. Тіпті, Ауғанстаннан жылына 2 мың тонна жүзім сатып аламыз», - деді сенатор.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі бау-бақша дақылдарының өнімділігі өте төмен, гектарына 7-8 тоннадан аспайды.
«Еліміздегі бар болғаны 8 алма өңдеу кәсіпорнының қуаттылығы 37 пайыз ғана қамтылған. Бізде бау-бақша мен жүзім шаруашылығын мемлекеттік қолдау нашар. Соңғы 15 жылда осы өндіріспен айналысатын 1500 шаруашылықтың 2,5 пайызы ғана жеңілдетілген несие алған. Ал екінші деңгейдегі банктер тек екі жобаны қаржыландырған. Осы аралықта өсімдік шаруашылығына бөлінген субсидияның 0,02 пайызы ғана бау-бақшаға бағытталған», - деді Әли Бектаев.
«Баулардың басынан әр келісі 150 теңгеге сатылған алма делдалдар арқылы бөлшек саудада 480-500 теңгеге өткізіліп жатыр. Яғни бау мен базар арасындағы баға айырмашылығы 3,5 есе», - деді депутат.
Осы орайда тиісті шаралар қабылдау ұсынылды:
Біріншіден, еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде интенсивті бау-бақша өсіруді дамытудың нақты салалық бағдарламасын қабылдау;
Екіншіден, ауыл шаруашылығы жерлерінің арасындағы интенсивті бау-бақша егуге жарамды суармалы жерлердің нақты картасын жасап, инвестициялық жобаларды іріктеп, бау-бақша өніміне жер алудың оңтайлы әрі заңды жолдарын белгілеу;
Үшіншіден, бау-бақша өндірісін мемлекеттік қолдаудың кемінде 5 жылға арналған тұрақты іс-шаралар кешенін белгілеуді, оның ішінде бақша егумен бірге өнімді сақтау жұмыстарын қоса қарастыру;
Төртіншіден, осы уақытқа дейін табысты жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтар базасында тәжірибе алмасатын, мамандардың тәжірибесін жетілдіретін технологиялар трансфертінің орталықтарын ашу.