Сенатор жол ережесін жиі бұзатындарға айыппұл бойынша жеңілдік бермеуді ұсынды

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Сенат депутаты Марат Қожаев жол ережесін жиі бұзатындар айыппұлды жоғары сомада төлеуі керек екенін айтты. 

Атап айтқанда, елімізде жол ережесін бұзғандар айыппұл салынған күннен бастап бір аптаның ішінде төлесе, онда осы айыппұлдың жартысын ғана өтеу мүмкіндігі жасалған. Алайда сенатор бұл жеңілдік жол ережесін тым көп бұзатындарға қолданылмауы керек екенін мәлім етті.

— Осыған дейін жылына он реттен артық бір типті жол ережесін жүйелі түрде бұзатындарды бұл жеңілдіктен айыруды ұсындым. Олар бір жылда ережені оннан артық бұзса, яғни 11-ші, 12-ші айыппұлдың сомасын толық төлеуге міндетті болуі тиіс, — деді Марат Қожаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сенатор бұл бастама Үкімет тарапынан қаралып, қолдау тапқанын хабарлады.

— Меніңше, бұл салада кейбір өзгерістер болады… Әкімшілік заңнамаға келесі өзгерістер енгізілген кезде, осы түзетулерге бастамашы боламын деп ойлаймын, — деді депутат.

Еске салсақ, былтыр ақпан айында сенатор Марат Қожаев жол ережесін жиі бұзатындарға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастауды ұсынған еді