Палата отырысында сенаторлар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетке қатысты заң жобаларын қарайды. Бұл құжаттар 2023-2025 жылдар аралығында субвенциялар мен алу көлемін бекітуді де көздейді.
«Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасының нормалары экономикалық әлеуеті әртүрлі өңірлердің қаржылық мүмкіндіктері арасындағы теңсіздікті жоюға, сондай-ақ қазақстандықтардың мемлекет кепілдік берген қызметтердің тең деңгейіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасында Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері айқындалады: 2023 жылға – 2 200 млрд теңге, 2024 жылға – 2 000 млрд теңге, 2025 жылға – 1 900 млрд теңге. Осы заңды қабылдау бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келесі «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы ағымдағы жағдайларға бейімделе отырып, экономикалық модель құру арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және халықтың табысын арттыру үшін жағдайлар жасауға арналған. Бюджеттің шығыс бөлігінің жобасында мемлекеттік органдардың саясатындағы жекелеген бағыттардың өзгерістері, Мемлекет басшысының Жолдауларына, заңнамалық актілерге, сондай-ақ 2021 жылғы бюджеттің атқарылу қорытындыларына сәйкес жаңа міндеттемелер бойынша толықтырулар ескерілгенін атап өткен жөн.