Аталған университеттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, шара барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы заңнаманы жетілдірумен қатар экономиканың стратегиялық маңызды салаларында іргелі, қолданбалы зерттеулерді жүргізу жұмыстарын жандандыру керектігі сөз болды. Осыған байланысты еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандар даярлайтын білім ордаларының заман талабына сай болуы да назардан тыс қалған жоқ. Ол үшін бұл салада жетістікке жеткен елдердегідей білім ошақтарын ғылыми зерттеу университеттеріне айналдыру мәселесін жеделдету керектігі айтылды.
«Қатысушылар ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында елде салаға байланысты арнайы ақпарат құралдарының аздығы да оныңалға жылжуына кедергі келтіретіндігін атап өтті. Сондай-ақ депутаттар университеттің инженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесімен танысып, геоақпараттық жүйелер бойынша Қазақ-Корей орталығы, Big Data орталығы, Жасанды интеллект орталығында болды. Сонымен қоса университетте шығарылған өнімдер депутаттар назарына ұсынылды», - деп атап өтеді білім ошағының баспасөз қызметінен.
Көшпелі отырыс барысында университет ректоры Ақылбек Күрішбаев бүгінгі таңда ҚазАТУ еліміздегі ірі аграрлық зерттеу университет болуға дайын екеніндігін мәлімдеді. Мұнан бөлек ғылыми және кадрлық мүмкіндіктерге сай мамандар даярлап, ауыл шаруашылығында сенімді серіктес болуға мүмкіндігі бар екендігін атап өтті.
«Осыған орай университетімізде аграрлық сектордың экономикасына арналған жаңа форматтағы мамандарды даярлауға бағытталған халықаралық жоба жүзеге асырылатын болады. Алдағы уақытта ҚазАТУ Франциядағы AgroParisTech университетімен бірге қосдипломдық білім беру жүйесіне көшу мен оқу бағдарламаларын жаңғырту бойынша жол картасын жетілдіріп жатыр», - деді Ақылбек Күрішбаев.