Сенаторлар ақпарат мәселелері бойынша заң жобасын қарады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен кеңейтілген отырыс болды. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы мемлекеттік ақпарат саясатының тұтас көрінісін қалыптастыруға, барлық деңгейдегі медиа-жоспарлау тәсілдерін үндестіруге, сондай-ақ азаматтардың ақпаратқа қол жеткізуін кеңейтуге бағытталған.

Сенатор Нұртөре Жүсіп өз сөзінде заң жобасын қабылдау мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс үшін қолданыстағы байланыс арналарын тиімді пайдалануға, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы үйлестірудің оңтайлы тетіктерін қалыптастыруға, ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамадағы құқықтық олқылықтар мен кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.