Сенаторлар ақпараттық-коммуникациялық желі мәселелеріне байланысты заң жобасын бірінші оқылымда қарады

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының Экономикалық және аймақтық саясат комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыс барысында аталмыш құжат жөнінде баяндаған Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеевтің сөзіне қарағанда, заң жобасы интернетте жарияланатын ақпараттарды орналастыруға қатысты құқықтық тетіктерді заң жүзінде бекітіп, азаматтар мен заңды тұлғалардың осы бағыттағы мәселелер бойынша конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Құжат сонымен қатар интернет арқылы ақпарат таратушылардың құқықтарына қатысты мәселелерді де жан-жақты түсіндіріп береді. «Нақтырақ айтқанда, онда «веб-сайт «интернет-ресурс» сөзіне алмастыру мәселесі қарастырылған. Бүгінгі таңда ақпаратты интернет арқылы таратудың веб-сайттан өзге де түрлері бар. Соған қарамастан онда ақпарат тарату түрлерінің барлығын «интернет-ресурс» деп атау ұсынылған. Өйткені ол құқық қолдану тәжірибесіндегі бір мәселені бірнеше мағынада түсіндіруге жол бермейді. Сонымен қатар мұндай өзгерістер азаматтар мен заңды тұлғалардың ар-ұжданы мен беделін сақтандыруға немесе қорғауға зор мүмкіндік береді», - деді агенттік төрағасы.Оның айтуынша, заң күшіне енетін болса, еліміздің Азаматтық, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы», «Салық және бюджетке өзге де міндетті төлемдер туралы» кодекстері мен «Ақпараттандыру туралы», «Байланыс туралы» заңдарына және өзге де бірқатар құжаттарға тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Құжатты жан-жақты талқылаған депуттар оны Сенаттың отырысына енгізу қажет деп шешті.