Сенаторлар Алматы облысы мен Шымкент қаласына барды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат депутаты Закиржан Кузиев Алматы облысында болған кезде Қонаев қаласын дамыту жоспарымен және «G4 CITY» арнайы экономикалық аймағының жобасымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: senate.parlam.kz

Сенаторға Алматы мен Қонаев қалаларының арасындағы, Алматы-Өскемен республикалық автомагистралінің бойында орналасқан G4 қазіргі заманғы құрылымдағы кіріккен төрт ақылды қала екені айтылды. Бұл экономикалық аймақ қаржы, бизнес, мәдени және сәулет орталығына айналады. Жаңа өндірістік нысандар, зауыттар мен бизнес нысандар салынады.

Сенатор Закиржан Кузиев сонымен қатар «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, «Қоғамдық келісім» қалалық институтының өкілдерімен және этномәдени орталықтардың басшыларымен де кездесті.

«Мен сенатор болып 120 күн жұмыс істедім. Заң шығарушы органның өкілі ретінде әлеуметтік мәселеден тыс этномәдени орталықтар мен түрлі этностар туралы мәселені жиі қоюға мәжбүрмін. Биыл біз мектептерде оқулықтар мен әдістемелік құралдардың жетіспейтіні туралы мәселені көтердік. Сондай-ақ жергілікті қоғамдық татуласу институттарында жұмыс істейтін мамандардың жалақысын арттыру да депутаттардың бақылауында тұр. Қазір олар айына 80-90 мың теңге алады. Біз салалық мекемелерге ұсыныстар жібердік. Қазір бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауында жатыр», - деді депутат Закиржан Кузиев.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының одан әрі жұмысы туралы пікір алмасты.

Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қалалық мәслихат депутаттарымен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті.


Сенаторлар еліміздің Президенті белгілеген мемлекеттің негізгі басымдықтары және VIII шақырылымның бірінші сессиясында қаралған заңдардың басты ережелері туралы айтып берді.

«Өңірлердің дамуына жәрдемдесу – біздің Палата жұмысының маңызды бағыты болып табылады. Сондықтан Сенатта Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес және жергілікті мәслихаттармен тығыз жұмыс істейтін «Өңір» депутаттық тобы құрылған болатын. Бұл жиындарда өңірлерді дамыту мәселелері талқыланады, ұсыныстар мен проблемаларды шешудің жүйелі жолдары әзірленеді», - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.


Қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық белсенділер кездесу барысында әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен тәртібіне, қала аумағындағы инфрақұрылымды дамытуға, газ жеткізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ішкі нарықты қорғауға, кәріз жүйелерін тазартуға қаржы бөлуге және т.б. маңызды мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.

«Қоғамдық кеңестердің қызметі билік пен қоғам арасындағы сұранысқа ие және маңызды байланыстың түрі әрі мемлекеттік деңгейдегі шешімнің қабылдануын бақылауға мүмкіндік беретін азаматтардың қолындағы тиімді құрал болып табылады. Оған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының енгізілуі және қоғамдық кеңестердің тәуелсіздігі мен дербестігі заңнамалық түрде қамтамасыз етілгені ықпал етіп отыр. Қоғамдық кеңестің бүгінгі таңдағы қызметі азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешуде ауқымды жұмыс атқарылғанын көрсетеді. Онда қоғамдық кеңес билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етеді, сол арқылы қоғам мен биліктің тиімді диалогы қалыптасып отыр», - деп атап өтті Айгүл Қапбарова.

Депутаттар кездесулерде көтерілген мәселелерді бақылауда ұстайтынын және Үкіметпен бірлесіп оларды шешу жолдарын әзірлейтінін атап өтті.