Сенаторлар әскери қызметшілерді баспанамен қамту мәселесі туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Дариға Назарбаева бастаған Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері 68665 десанттық шабуылдаушы әскери бөлімінде болды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлайды.

Депутаттар әуе, бронды танк және автомобиль техникасы мен зымыран-артиллериялық қарулар мұражайында болды. Меймандарға одан басқа әскери техниканың, ату қаруларының және қазақстандық әскери десанттардың киім үлгілері көрсетілді.

Сапар барысында делегация мүшелері қысқа мерзімде қызметін өтейтін әскери қызметшілердің жағдайымен де танысты. Сенатор Талғат Мұсабаев әскери қызметшілерге Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы туралы әңгімеледі.
   

Депутат сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының ережелері туралы айтты. Бұл заң әскери қызметтің артықшылықтарын, әскери қызметшілердің және олардың отбасыларының әлеуметтік-құқықтық мәртебесін көтеруге бағытталған.

Сенат комитетінің төрағасы Д.Назарбаева атап өткендей, бұл заң Сенат депутаттарының бастамасымен әзірленген болатын. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, әскери қызметшілердің жеке есеп-шотына сол аймақтағы тұрғын үйдің әр шаршы метрінің құнына есептелген көлемде тұрғын үй төлемдері түсетін болады. Ол отбасының құрамына байланысты бір адамға 18 шаршы метр көлемде есептеледі.

Тұрғын үй төлемдерін жеке тұрғын үй сатып алуға, оны кейіннен сатып алу үшін жалға алу төлемі үшін пайдалануға болады.

Сондай-ақ, бұл қаржыны тұрғын үй және тұрғын үй құрылысы кооперативіне қатысуға, тұрғын үй құрылысы жинағы түрінде толықтыруға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға қолдануға да болады. Сенаторлар сондай-ақ «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалында да болды. Олар қазіргі заманғы инфрақұрылым нысанының мүмкіндіктерімен танысты. Вокзал жолаушылар тасымалын, кезегін басқарудың, қауіпсіздігін және электрондық билет сатудың зерделі жүйелерімен жабдықталған. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Астанадағы №2 жылу электр орталығында да болды.

Сенатор Серік Жақсыбеков кәсіпорын ұжымына Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Ол «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үй ипотекасына қол жеткізу мүмкіндігін арттырып, тұрғын үй секторын күрделі ахуалдан толықтай шығаратынын атап өтті.

Сенатор жоғары білім алуға қол жеткізу мүмкіндіктерін оңайлату және оның сапасын көтеру мәселелеріне де егжей-тегжейлі тоқталды. Ол 2018-2019 оқу жылы жыл сайын бөлінетін 54 мың білім грантына қосымша 20 мың қосылатыны туралы айтты. Д.Назарбаева кәсіпорын нысандарын аралау барысында басқарудың тиімділігі, экология, отын сапасы, Астананы газдандыру, тұтынатын отын көлемін үнемдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін көтерді. Кәсіпорын жұмысшылары тұрғын үймен қамтамасыз ету, науқас парағына төлем жасау, еліміздің жоғары оқу орындарында сырттай жоғары білім алу секілді бірқатар өзекті мәселелерге сенаторлардың назарын аударды.

Д.Назарбаева Президент бастамаларын іске асуына байланысты ашылатын мүмкіндіктерді айта келіп, жас мамандарды өздерінің кәсіби біліктілігін көтеруге шақырды. Сенаторлар сондай-ақ «Boeing 737MAX 8» ұшағының алғашқы сапарын қарсы алу салтанатына қатысты және Қазақстанның әуе тасымалы саласы мен әуе флотының даму келешегін талқылады.