Сенаторлар Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақтың тиімділігін талқылады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Сенаторлар Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақтың тиімділігін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтті. Оған комитет төрағасы Серікбай Трұмов бастаған сенаторлар, министрліктер өкілдері, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Сенат депутаттары, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Ұлттық экономика, Қаржы және Энергетика министрліктерінің өкілдері, арнайы экономикалық аймақта тіркелген кәсіпкерлік нысандарының басшылары қатысты.

«Арнайы экономикалық аймақтарды құрудағы басты мақсат – инвестиция тарту, бәсекеге қабілетті өндірісті дамыту, жаңа технологияларды іске қосу арқылы импортты алмастыру және өңір тұрғындарын жұмыспен қамту. Қазір елімізде құрылған арнайы экономикалық аймақтарда 300-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар 21 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Сол себептен, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттырып, түйінді мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет», -деді Серікбай Трұмов.

Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы Президент Жарлығымен құрылды. Бұл аймақта бірнеше мақсатты іске асыру көзделген.

Біріншіден, көмірсутек шикізатын терең өңдеу, қосылған құны жоғары кең бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімдерін өндіру мақсатында әлемдік деңгейдегі мұнай-химия зауыттарын құру. Екіншіден, серпінді инвестициялық жобаларды әзірлеу және іске асыру. Үшіншіден, химия өнеркәсібі және мұнай-химия өнімдерін өндіру.

Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақ шеңберінде қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға тікелей арналған нысандарды іске қосу, көпсалалы аурухананы салу және пайдалануға берумен айналысатын объектілердің қызметін іске қосу көзделген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Нельсон Манделаның немересі әйелдер түрлі жобаға көбірек қатысса, оң нәтиже болатынын айтқан еді.