13:44, 27 Наурыз 2009
Сенаторлар ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен бірлесіп, су мәселесін талқылады
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің депутаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш кездесу 2007 жылдың қараша айының 27-сінде өткен «Қазақстан халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жолдары: проблемалар мен оларды шешу мүмкіндіктері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында қабылданған шешімдер мен кеңестердің орындалу барысын талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл шараға Парламент депутаттарымен қатар Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау және Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің басшылары қатысты. Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселе жөнінде сөз қозғаған сенатор Евгений Аманның сөзіне қарағанда, ауыз су бүгінде ауыл шаруашылығы саласында ең көп көтеріліп жүрген мәселелердің бірі болып отыр. «Елімізде азаматтардың өмір сүру деңгейі көтеріліп, олардың әл-ауқаттары артып келеді. Алайда ауыз-судың сапасы жоғары болмай, халықтың өмірін жақсы деп бағалауға болмайды. Бұл қала тұрғындары мен ауыл халқына бірдей қатысты мәселе», - деді сенатор.Осыған орай жақында өзінің су мәселесіне арналған Бүкіләлемдік V форумда болып қайтқандығын тілге тиек еткен депутат, «180 елден 120 мың адам қатысқан жиында тұщы су жайы талқыланды. Қазіргі таңда су мәселесі көптеген мемлекеттердің проблемасына айналып отыр. Сондықтан да болар, әлемдегі бірқатар мемлекеттерде бұл мемлекеттің Конституциясына дейін енгізілген. Ал осы мәселеге байланысты біздің 2007 жылы ұйымдастырған дөңгелек үстел басындағы отырысымыз елдегі суға қатысты қалыптасқан көптеген түйткілдерді шешу жолдарын анықтауға септігін тигізді», - деп атап көрсетті Сенат депутаты.