Сенаторлар аймақтарды аралап жүр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының бірқатар депутаттары өңірлерді аралап, жергілікті халықтың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов жұмыс бабындағы сапармен Қарағанды облысының Жезқазған және Сәтбаев қалаларында болып, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Сенатор кездесу барысында Парламент қабылдаған заң ережелері мен азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі мемлекет қабылдаған шараларды түсіндірді.

2020 жылға арналған республикалық бюджет көрсеткіштері, әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, кепілдік берілген әлеуметтік топтама және атаулы әлеуметтік көмек, міндетті медициналық сақтандыру, сондай-ақ тұрғын үй қорын басқарудың жаңа үлгісі мәселелері талқыланды.

С.Ершов 2019 жылы халықтың әл-ауқатын арттыруға, оның ішінде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге арналған әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударылғанын атап өтті.


Депутат сапар аясында Жезқазған қаласының аурухана қалашығында болып, 900 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты, Кеңгір кентінде жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіретін «Кaz green energy» кәсіпорнында болды.

Сәтбаев қаласының «Қамқор» әлеуметтік қолдау орталығының басшылығы және ұжымымен кездесу барысында депутат «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Сергей Ершов жастар саясатын қолдау шараларына тоқталып, Сенат жанында Жастар кеңесін құру жоспарланып отырғанын айтты.


Кездесуге қатысушылар өз кезегінде облыстағы өзекті мәселелерді көтерді, өйткені, қалада ауыз суға байланысты проблема бар, сондықтан жаңа су құбырының құрылысын қарастыру қажет болып отыр. Облыстың шаруа қожалықтарында субсидия алу мәселелері туындағаны жайында айтылды.

Бұдан кейін С.Ершов Ұлытау ауданында зейнеткерлерді қабылдады. Сенатор сондай-ақ Ұлытау ауданындағы туризмді дамытудың негізі болатын туристік сапар орталығының құрылысымен танысты.

Сонымен бірге Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Алматыдағы А.Розыбакиев атындағы №153 мектеп-гимназияның оқытушыларымен кездесті.


Д.Нөкетаева «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңның ережелері мен талаптары туралы айтып берді. Бұл заң жарты миллионнан астам оқытушылардың жұмысын реттейді. Депутат педагогтардың құқықтарын кеңейту, ауыртпалықты азайту, мұғалім қызметіне қойылатын талаптарды күшейту, материалдық емес ынталандыру мен материалдық тұрғыда қолдау тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Н.Жүсіп «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң қабылданғаннан кейін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру, жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда қамтамасыз ету үшін мемлекет қабылдайтын шаралар жүйесі енгізілгенін атап өтті. Жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы төлеу, жұмысқа орналасу, асыраушысынан айырылу, жүкті болуы мен босануы және 1 жасқа дейінгі бала күтімі жөніндегі баптар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Депутат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі қағидалары туралы хабардар етті және енді әрбір азаматтың денсаулығы үшін адам, жұмыс беруші және мемлекет жауапты екенін атап өтті.

Парламентшілер тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша заңнаманың негізгі ережелерін де түсіндірді.

Ал тағы бір сенатор Нұрлан Қылышбаев Қапшағай қаласында еңбек ұжымдарымен кездесті. Парламент Сенатының депутаты жұмыс бабындағы сапармен Алматы облысының Қапшағай қаласында болды. Сенатор қуаты 100 Мвт «Eneverse Kunkuat» күн электр станциясын аралады, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру жөніндегі «Кұмсуат Фарм» мекемесінің жұмысымен, «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыратын «Термомакс» серіктестігінің «Balsu-Lux» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысымен танысты.


Сенатор еңбек ұжымдарымен кездесу аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларының, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтары мен іске асу барысы туралы хабардар етті. Сондай-ақ Парламенттің 2019 жылғы заң шығару жұмысының қорытындылары туралы айтылды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тағы бір депутаты Төлеубек Мұқашев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті.

Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері және «Педагог мәртебесі туралы» заңның негізгі ережелері талқыланды. Қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен қатар, еліміздегі педагогика қауымының мәртебесін арттыруға және мұғалім беделін көтеруге бағытталғаны айтылды.

Депутат Төлеубек Мұқашев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы хабардар етті және «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңның маңызына тоқталды. «Көптеген жылдар бойы біздің ұстаздарымыздың мәртебесі мен беделі төмендеп кетті. Жаңа заңда мұғалімдерді әлеуметтік қолдау, олардың қызметі мен шығармашылығы және құқықтарын қорғау мәселелері белгіленді. Бұл құжат бүгінгі таңда педагогтардың қолдауына ие болып отыр», - деді сенатор.


Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институтының директоры, профессор Берікжан Әлмұхамбетов еліміздің Парламентінде өткен отырыстар мен үкімет сағаттарында білім беру сапасына байланысты өзекті мәселелер ұдайы көтеріліп, үнемі назарда болатыны үшін алғысын білдірді.

Жаратылыстану және география институтының директоры, профессор Күләш Қаймолдинова бүгінгі таңда оқулықтардың сапасына байланысты сын-пікірлер көп екенін атап өтті. «Өйткені оқу бағдарламалары жоғарыдан келіп түседі. Оқулықтар осы бағдарламаның негізінде жазылады, ал бағдарламада оқушыларға түсінуді қиындататын мәселелер көп. Сондықтан бағдарламаларды ойластыру қажет. Сонда ғана оқулық сапалы болады», - деді К.Қаймолдинова.

Кездесуде білім сапасына қатысты басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Мәселен, Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры Тоққожа Қожағұлов бүгінгі күні орта мектептерде сызу, сурет және еңбек пәндері біріктіріліп, оларға бөлінген сағаттар қысқартылғанын атап өтті. Бұл жас ұрпақтың өнер пәндері бойынша лайықты білім ала алмауына әкеліп соғады. Сызу мен сәулет және дизайнға байланысты техникалық жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап жүрген мектеп түлектері осы салалар бойынша дайындығы болмайды және көптеген қиындықтарға тап болады. Ұстаздар қауымы осыған байланысты мәселені шешуге көмек көрсетуді сұрады.