Сенаторлар Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында бірқатар кездесулер өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат депутаты Елеусін Сағындықов аймаққа сапары аясында «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінде болды.

Сенатор арбада отыратын мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнаулы үй құрылысын салу жөнінде бастама көтерген болатын. Қазіргі кезде Ақтөбеде осындай екі үй бар.

Қайсарлықпен сырқатқа қарсы тұрған жігерлі жандар депутатқа өз жетістіктері мен жоспарлары туралы ойларын айтып берді. Орталықта тігін шеберханасы, мүмкіндігі шектеулі адамдар өз мәселелерін жеткізетін қабылдау бөлмесі, мүгедек балаларға Монтессори жүйесі бойынша жаттығуға арналған оқу кабинеті жұмыс істеп келеді.

Сенатор Мемлекет басшысының осы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға баса назар аударылғанын атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс - бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз», - деген болатын.

Орталықта Жолдауда айтылған бастамалар, әсіресе, мүгедектерді еңбекке орналастыру және олар үшін арнаулы квота енгізу мүмкіндіктеріне қатысты ұсыныстар ықыласпен қабыл алынды.

Мүмкіндіктері шектеулі адамдар сенаторға өздерін толғандырған мәселелер, оның ішінде киім тігуге тапсырыстар беру және арнаулы көлікпен қамтамасыз етуге қатысты ойларын жеткізді. Айтылған барлық ұсыныстар бақылауға алынатын болды.

Ал сенатор Иран Әміров осы өңірдегі Мұғалжар, Мәртөк, Алға аудандарында болды. Ол аудандардағы партия активтерімен, мәслихат депутаттарымен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, мектептер мен балабақшаларын, ауруханалар мен мәдениет мекемелерін аралады.

Жүздесулерде Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының негізгі ережелері жайында айтылды. Сенатор Парламенттің заң шығару қызметі туралы хабардар етіп, мемлекеттік бағдарламалардың маңызды басымдықтарын талқылады. Парламент мүшесі әлеуметтік, экономикалық мәселелерге жан-жақты тоқталып, аймақ тұрғындарының тілектеріне құлақ түрді.

Депутат аудандардағы сот, прокуратура, ішкі істер бөлімдерінің еңбек ұжымдарымен де кездесті. Жүздесулер барысында жұмыс сапасын арттыру және азаматтардың сот билігі мен құқық қорғау органдарына сенімін күшейту мәселелері талқыланды.

Кездесулерде мәслихат депутаттары сөз алып, сайлаушылардың тілектерін жеткізді және маңызды міндеттер мен өзекті мәселелер белгіленді.

Сенатор сондай-ақ азаматтарды да қабылдады. Зейнетақымен қамтамасыз ету, еңбекке орналастыру, балалар бақшалары мен мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігі туралы мәселелері сараланды.

Сенат депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин Алматыдағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті.

Басқосу Елбасының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жастар арасында кеңінен насихаттау аясында өтті.

Елбасы Жолдауында өзекті мәселелер, оның ішінде, тіліміз бен төл тарихымыздың жайы, ел ертеңі туралы баса айтылғанын айта келіп, сенатор Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталды. «Алдына үлкен мақсат қойған ел - ізгі мұраттарына жетеді. Қоғамның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан зайырлы қоғамдағы интеллектуалды тұлға болу сіздерге ғана емес, ел болашағы үшін аса маңызды» - деді Нұрлан Оразалин.

Кездесу барысында сенатор Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы туралы жан-жақты әңгімеледі.

Сондай-ақ, Нұрлан Оразалин Ауған соғысы ардагерлерімен жүздесуде, Астанадағы "Нұр Отан" партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі "Мирас" қоғамдық кеңесінің отырысында, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Өнер академиясында, Ә.Қастеев мұражайындағы кездесулерде еңбек ұжымдары, жазушылар мен зиялы қауым алдында сөз сөйлеп, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының басты құндылықтары туралы айтып берді.

Ал сенатор Дулат Құсдәулетов Әділет министрлігі Сот актілерін орындау жөніндегі комитетінің көшпелі отырысына қатысты.

Ол Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіріп, таяу онжылдықтағы даму жолдары мен еңсерілуге тиісті міндеттер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Д.Құсдәулетов Жолдауда белгіленген әр міндеттің маңызды екенін және Елбасы алға қойған мақсатқа еліміздегі барша халықтың күш-жігері арқасында қол жеткізуге болатынын атап өтті.

«Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық кеңестің 2013 жылғы 31 мамырдағы ұсынымдарының орындалуын бақылау ретінде сенатор құжаттың әр тармағы бойынша есепті тыңдады.