Сенаторлар фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты заң жобасын қабылдады

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыста заң жобасына байланысты баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, құжаттың мақсаты карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдардың және кәсіпорындардың құзыретін нақтылау болып отыр. Сонымен қатар құжат улы химикаттарға мемлекеттік тіркеу жүргізуді реттейді. «Бүгінгі таңда өндірісті лицензиялауға қатысты заңнама талаптарына сәйкес, пестицидтерді қолдану мен жүзеге асыру бірдей қызмет болып табылады. Өз кезегінде ол осы қызметтің тек бір түрімен ғана айналысатындарға арнайы рұқсат алу үшін қосымша кедергілер тудырып отыр. Осыған орай заң жобасында улы химикаттарды пайдалану мен жүзеге асыру ісін жеке өндіріс ретінде қарастыру мәселесі қарастырылған», дейді министр.Сонымен қатар, оның сөзінше, құжатта өсімдік карантиндерін жүзеге асыру саласында арнайы рұқсат қағаздарын беруді жетілдіру мәселесі көтерілген. Бұған қоса онда заңдағы бірқатар нормаларды еліміздің өзге де заңдарымен сәйкестендіруге бағытталған баптар енгізілген. Заң жобасы бюджеттен қосымша қаржыландыруды талап етпейді.