Сенаторлар халықаралық екі хаттаманы талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар екі халықаралық хаттаманы ратификациялайды.
Аталған құжаттар мыналар:
- 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы;
- 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы.
Аталған құжаттар қаралып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, сенатор Евгений Больгерт пен Әділет вице-министрі Дәниел Ваисов журналистер сауалына жауап береді.
Естеріңізге сала кетсек, бұл 2 құжатты Мәжіліс осы жылдың 10 наурызында қабылдаған болатын. Сол кезде заң жобалары бойынша негізгі баяндаманы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жасаған еді.
Оның айтуынша, бірінші хаттама ТМД мемлекеттері арасында сот актілерін өзара тану тетігін кеңейтеді. Енді мұндай актілер қатарына кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтары тікелей енгізіледі.
- Бұл – маңызды қадам. Себебі сот бұйрығы – жедел құқықтық құрал. Ол ұзақ сот процесін өткізбей шығарылады. Сондай-ақ, баланың құқығын уақытылы қорғауға мүмкіндік береді. Алайда борышкер басқа мемлекетте болған жағдайда, шешім тек қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Осы мәселені Хаттама шешеді, - деді Әділет министрі.
Аталған ратификациядан кейін:
- сот бұйрығы Конвенция аясында тікелей танылады;
- рәсім түсінікті әрі болжамды болады;
- сонымен қатар, орындау – нақты қамтамасыз етіледі.
Ал екінші хаттама ТМД кеңістігінде алимент бойынша сот бұйрықтарын тану тетігін енгізеді. Құжат борышкердің тиісінше хабардар етілгенін растауды талап етеді. Егер бұйрық тапсырылмаса – оны танудан бас тартылуы мүмкін. Осылайша қорғану құқығы сақталады.
- Біз баланы қорғаймыз. Бірақ қатаң құқықтық аяда әрекет етеміз. Жаңа Конституция жобасы адамды және оның құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындайды. Бұл қағидат барлық халықаралық тетіктерде бірдей жұмыс істеуі тиіс. Бүгін біз жай ғана құжатты ратификациялап отырған жоқпыз. Біз құқықтарды қорғаудың тұтас, кемшіліксіз және айырмашылықсыз жүйесін қалыптастырып отырмыз, - деді Ерлан Сәрсембаев.
Айта кетейік, өткен аптадағы палата отырысында «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а)-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.
Сонымен қатар сенаторлар «Бір тараптан Қазақстан Республикасының Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық қайта құру және Даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы мен Инвестициялар кепілдігінің көпжақты агенттігі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Бұл заң экономиканың орнықты өсуіне және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, шығыстарды неғұрлым шұғыл және әлеуметтік бағдарланған жобаларға қайта бөлу есебінен мемлекеттік бюджетке жүктемені азайту көзделіп отыр.
Дүниежүзілік банктің ұлттық жобаларға қаржылық тұрғыда қатысуы ЖІӨ-нің тұрақты өсуін, шағын және орта бизнесті дамытуды және инновациялар мен жұмыс орындарын құру арқылы Қазақстанның инфрақұрылымын жүйелі жаңғыртуды қамтамасыз етеді.
Бұнан бөлек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін сенаторлар депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Нұртөре Жүсіп Астана медицина университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесін және білім ордасына академик Төрегелді Шармановтың есімін беру бастамасын көтерді.
- Университет бакалавриаттан бастап резидентура, магистратура және PhD докторантураға дейінгі барлық деңгейде 80-нен астам білім беру бағдарламасын іске асырады. Университетте 11 мыңнан астам білім алушы, оның ішінде 20 елден 700-ден астам шетелдік студент оқиды. Соңғы 3 жылда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 99% болды. Университеттің стратегиялық бағыты – профилактикалық медицина және халық денсаулығын сақтау. Бұл бағыт отандық денсаулық сақтау мектебінің негізін қалаушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Төрегелді Шарманұлының ғылыми мұрасымен толық үйлеседі, - деді Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Ал Геннадий Шиповских жол қауіпсіздігінің маңыздылығын айрықша мән беріп, салаға заманауи басқару технологияларын енгізу және авто мектептерге мемлекеттік бақылауды қайта қалпына келтіру жөнінде ұсыныс жасады. Депутаттың мәліметінше, 2023 жылы елімізде 15 886 ЖКО тіркелген. 2024 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, 31 597-ге жеткен. Ал 2025 жылы 36 146 жол апаты орын алған. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда мыңдаған адам қаза тауып, 100 мыңнан астам адам түрлі жарақат алды.
Сәкен Арубаев агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға қатысты жүйелі түйткілдерге тоқталды. Сенатор осы бағытта агронесиелеуді цифрландыруға арналған кешенді шаралар топтамасын ұсынды. Бастама адал қарыз алушылар үшін скоринг жүйесін енгізуді, құжат айналымын жеңілдетуді және маркетплейстермен ықпалдастыру арқылы кепілді бағалауды автоматтандыруды қамтиды.
- Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру тетіктерінің тиімділігі мен қолжетімділігі - мемлекеттік аграрлық саясаттың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Аграрлық секторды қолдауда бірқатар жүйелі шаралар қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен қаржыландыру жүйесінде шешуді қажет ететін мәселелер әлі де бар, - деді сенатор.