Құжатта ресми түрде танылған халықаралық көрмелерге анықтамалар берілген. Сонымен қатар, көрмелер жіктеледі, оның жіктелуіне қарай көрмелердің ұзақтығы, оларды өткізу жиілігі, сонымен қатар, халықаралық көрмелерді ұйымдастыру тәртібі реттеледі. Аталмыш конвенцияға әртүрлі жылдары өзгерістер мен түзетулер енгізіліп отырған. Ал оған қатысушы тараптар 1972 жылдың қарашасындағы Хаттамамен Конвенцияның қазіргі заманғы жағдайларға бейімделген жаңа мәтінін қабылдаған болатын. Конвенцияның жаңа мәтініне сәйкес, халықаралық көрмелер әмбебап және мамандандырылған деп бөлінеді. Көрмелердің ұзақтығы алты айдан аспауы тиіс. Соған орай, Конвенцияда көрмені ұйымдастырушыны айқындау тәртібі, тіркелген көрмелерді ұйымдастырушылардың және оған қатысушы елдердің міндеттемелері белгіленеді. Конвенция 1928 жылы Париж қаласында жасалған болатын.
Заң жобасын қабылдаудың өзектілігі Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты болып табылады. Құжат алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.