Сенаторлар Қазақстан мен Армения арасындағы инвестицияларды көтермелеуге қатысты құжатты қабылдады

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш келісімге 2006 жылдың қараша айының 6-сында Астанада қол қойылған. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет Әбдібековтің айтуынша, құжат Қазақстан мен Армения арасындағы қатынастарды дамытудағы маңызды оқиға болып табылады. Заң жобасы екі ел арасындағы инвестицияларды ынталандыруға қолайлы жағдайлар жасайды. Сондай-ақ құжат екі елдегі инвестициялық ахуалды жетілдіріп, өзара табысты, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.