Сенаторлар құқықтық статистиканы жетілдіру мәселелерін талқылады

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің бастамасымен Қазақстан Республикасындағы құқықтық статистиканың қалыптасуы және саланы одан әрі жетілдіру мәселелері тақырыбында дөңгелек үстел жиыны болып өтті.

Жиынды ашып сөз сөйлеген Комитет төрағасы Берік Имашев мемлекеттік құқықтық статистика мәліметтеріне толыққанды және уақытылы қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. «Бұл азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру мен ұйымдастыру мақсатын, сондай-ақ мемлекеттік биліктің имиджін арттыруға қажетті шара болып табылады», - деді Б. Имашев. Оның айтуынша, құқықтық статистикалық ақпарат сараптамасы негізінде әзірленген ғылыми болжамдар құқық қорғау саласы мен сот жүйесін қоса алғанда заң шығарушы органның, сонымен қатар мемлекеттік биліктің басқа да тармағы үшін аса қажетті. Бұдан бөлек, жиынның талқысына шығарылып отырған мәселелерге тоқтала келе Б. Имашев, құқықтық статистика саласында орын алып отырған олқылықтарды жою үшін бұл бағытта терең, кешенді әрі кәсіби қадамдар қажет екендігін атап өтті. «Оның ішінде құқықтық статистика жүйесіне кірмейтін мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғаларды қатыстыра отырып, саланы жандандыру шараларын атқарған орынды», - деді комитет төрағасы.

Жиын барысында ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Конституциялық Кеңес өкілдері, әділет, ұлттық қауіпсіздік салаларының, қаржы полициясының және басқа да органдардың жауапты қызметкерлері құқықтық статистиканы жетілдіру мәселесі тұрғысында өз ойларын ортаға салды. Басқосу барысында көтерілген мәселелер мемлекеттік құқықтық статистика жүйесін жетілдіру бойынша нақты шаралар әзірлеу барысында ескерілетін болады.