Сенаторлар Маңғыстаудағы кәсіпорындарды аралады

Фото: Фото: Өңірлік коммуникация орталығы

Қазақстан Парламенті Сенатының бірқатар депутаты Маңғыстауға жұмыс сапарымен келіп,  өндірістік кәсіпорындарды аралады. Кездесу барысында  инновациялық даму бағдары,   шағын немесе орта бизнес өрісін кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаторлар «Caspi Bitum» БК» ЖШС, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ, «Chem-Invest Export» ЖШС, «Topan Chemical Industries» ЖШС және «Caspian Safety Group» ЖШС мекемелерін аралады.

Алдымен «CASPI Bitum» зауыты жұмысымен танысты. Зауыт жылына 500 мың тонна битум өндіріп, жылына 1 млн тонна мұнай өңдейді. Қазір 214 адамды жұмыспен қамтып отыр. 2021 жылы тотығу блогы жаңғыртылды, бұл битум шығымдылығын 50% - ға (+10%) дейін арттыруға мүмкіндік берді.

 

«Маңғыстау облысына іссапардың мақсаты – Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылау. Қазақстанда 95 мың шақырымға жуық жол болса, оның 26%-ы республикалық деңгейде. Ал қалғаны, облыстық және аудандық деңгейдегі жолдар. Алдағы уақытта 4000 шақырымға дейін жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ Caspi Bitum мәселесі назарға алынатын болады. Осыған орай, қазір зауыт 500 мың тоннаға жуық мұнай шығарса, ал алдағы екі жылда оның көлемін 750 мың тоннаға арттыру көзделген», - деді депутат Әлібек Нәутиев.

Сенаторлар аялдаған екінші нүкте – Ақтау теңіз порты. Порт 24 сағат бойы құрғақ жүктерді, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдайды. «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы Асхат Қабашевтің айтуынша, порттағы басты мәселенің бірі – порт аумағын кеңейту.

 

«Жаңаөзен аумағынан арнайы жобаларды жүзеге асыру үшін 274 гектар жер алу қарастырылып жатыр. Осы орайда, өңірімізге арнайы келген сенаторларға алғыс білдіремін», - деді Асхат Қабашев.

Сонымен бірге, сенаторлар «Caspian Safety Group» тігін цехының жұмысымен танысты. Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылында орналасқан цех жұмысын 2022 жылы бастаған.

«Бұл мекемеде 50 жұмысшы қызмет етеді. Арнайы жұмысшыларға шамамен айына 2000 түрлі киім тігіледі. Біздің киімдер көбіне мұнай компанияларындағы қызметкерлерге арналған», - деді «Caspian Safety Group» тігін цехінің бас директоры Кударов Қорғанбек.