Айта кетейік, жалпы отырыста Қазақстан мен Ресей арасындағы 929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының объектілері мен жауынгерлік алаңдарын жалдау туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама қабылданған болатын.
«АҚШ әскері зор мемлекет, әлемнің 800 жерінде олардың әскери базалары мен полигондары бар. Десе де, Германиядағы Рамштайн атты шағын ғана аумақты алып жатқан полигон үшін АҚШ жылына жалдауы ақысы ретінде 1,5 млн еуро төлейді. Ал Қазақстан Ресейден небәрі гектарына 200-400 теңге алып отыр. Әрине, Қазақстан мен Ресей әріптес, дос мемлекет. Бұны түсінеміз. Алайда, АҚШ пен Германия да дос, НАТО мүшелері. Ендеше біз экономикалық мүддемізді жіберіп жатқан жоқпыз ба?» деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Өз кезегінде ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Оқас Сапаров келісім 1995 жылы ұзақмерзімге жазылғанын айта келе, Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі екенін, олар елімізге әскери көмектер беріп отырғанын алға тартты. Ал сенатор Мұхтар Алтынбаев полигонды жалдау бағасын нақтылай келе, сараптама бойынша Ресей гектарына 2,33 доллар төлейтіндігін атап өтті. «Қазіргі теңге бағамы бойынша бұл 800 теңгеден асады. Қазақстан заңы бойынша да сегіз жүз теңгеден кем болмауы керек», деді сенатор.
Бұл мәселеге депутат Қуаныш Айтаханов та алаңдаушылық білдіріп, келешекте осыны қайта қарау қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, Қазақстанда бір гектар жайылым жерді халыққа жалға берудің орташа құны 1700-5000 теңгенің арасында. Ал Ресей жалға алып отырған полигон үшін мүлдем төмен төлемдер қарастырылған. «Оның үстіне біз салыққа төлем түсу үшін халыққа жалға берілетін жерлер бағасын тағы да көтердік. Енді Ресейге жалға беріліп отырған полигондарды қарасаңыз олар қоршаған ортаға да залалын тигізеді, маңында орналасқан ауылдарға ықтимал қауіптер де жоқ емес. Бұның бәрі неге есептелмейді? Осының бәрін есептесек, біздің Ресейге жалға беріп отырған жерлеріміздің құны тым төмен деп санаймын. Бұл ең құрығанда қарапайым халыққа жалға беріліп отырған жайылым бағасымен теңесу керек еді. Біз қарапайым халыққа жайылым үшін жерді гектарына 2000 теңгеден, ал Ресейге полигон үшін 400 теңгеге беріп отырмыз. Бұл қалай?», деді Қ. Айтаханов.