Сенатордың пікірінше, Мемлекет басшысының билік өкілеттіктерін қайта бөлу және саяси жүйенің өзгерістері жөніндегі үндеуіндегі бастамалар демократиялық қоғам қалыптастыру жолындағы тарихи меже болып табылады.
И.Адырбеков сенаторлар Мұхтар Алтынбаев және Ляззат Кииновпен бірге Алматы қаласындағы Алатау ауданының активімен және тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауының басым міндеттері талқыланды.
Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдірді. Сенаторлар сонымен қатар Алматы қаласының тұрғындарымен әлеуметтік қамсыздандыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету, бағаны қалыптастыру және жергілікті атқарушы органдардың жұмысы туралы мәселелерді талқылады.
Сенат депутаттары Мұхтар Алтынбаев, Икрам Адырбеков және Ляззат Киинов Алматы қаласында еліміздің Қарулы Күштері Аэромобильді әскерінің басшылығы және жеке құрамымен кездесті.
Шара барысында билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі реформалар, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды.
Сенатор М. Алтынбаев Үкіметті жасақтау және оның қызметін бақылаудағы Парламент рөлінің күшеюі, сондай-ақ билік тармақтары өкілеттіктерін қайта бөлу туралы әскери қызметкерлерді хабардар етті. Одан басқа, Президент Жолдауындағы бес басымдық пен кешенді міндеттерді іске асыру барысы талқыланды.
Әскери қызметкерлер Мемлекет басшысының стратегиялық жоспарларына қолдау білдірді, сондай-ақ президент бастамалары мен әскери қызмет мәселелеріне қатысты сенаторларға бірқатар сауалдар қойды.
Парламент Сенатының депутаттары Қайрат Ищанов пен Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылының тұрғындармен кездесті.
Жүздесуде билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Елбасының үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын халыққа түсіндіру тұрғысында жан-жақты әңгіме болды. Сенатор Қ.Ищанов Мемлекет басшысының Жолдауындағы ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту, жерді тиімді пайдалану, субсидия бөлу, саланы әртараптандыруға қатысты алға қойған міндеттерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, стратегиялық маңызды құжаттағы бес басымдықты іске асыру, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелері жайында әңгіме болды. Парламенттің заң шығару қызметі туралы жұртшылықты хабардар еткен сенатор конституциялық реформалар жөніндегі ұсыныстарды сарапқа салу және оны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қажеттігі туралы ойларын ортаға салды.
Сенаторлар Индер ауданындағы Көктоғай ауылында да болды. Депутат С. Еңсегенов «Қазір заман өзгерді, қоғам жаңарды. Соған байланысты қазақ елі де бұрынғы жүйемен қалмай, жаңа бағытқа бет бұруы керек. Елбасының халыққа арнаған үндеуінде осы мәселеге баса мән берілді», - деді. Сенатор Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік билік тармақтары жұмыстарының нәтижелілігі мен тиімділігін, тепе-теңдігі мен жауапкершілігін арттыратынына сенім білдірді.
Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында аудан активімен болған кездесуде аудан әкімінің есебі тыңдалды. Жүздесуде сенатор Қ.Ищанов Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерге жан-жақты тоқталды.
Сенаторлар Қамысқала ауылдық округіндегі Хамит Ерғалиев ауылының тұрғындарымен және Махамбет ауданындағы «Первомайский» серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесулер барысында ауыл еңбеккерлері Елбасының Жолдауы мен үндеуін қолдайтындарын жеткізді, сондай-ақ аграрлық саланы дамытуға байланысты өз ұсыныстарын айтып, сауалдар қойды.
Парламент Сенатының депутаты Серік Жақсыбеков Астана қаласында жұмыс бабындағы кездесулер өткізді. «Astana Solar» жауапкершілігі шектелген серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесіп, Президент Н. Назарбаевтың конституциялық реформалар жөніндегі үндеуі мен Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауының ережелерін талқылады. Бұл кәсіпорын елімізде алғаш рет отандық кремний негізінде фотоэлектр тақталарын өндіруді қолға алған болатын.
Сенатор С.Жақсыбеков «Астанаэнергосервис» акционерлік қоғамында да болды. Онда еңбек ұжымы Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларымен жақсы таныс екенін көрсетіп, оны талқылауда белсенділік танытты.
Депутат Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты. Мемлекеттік билік жүйесін реформалау, оның ішінде Президент өкілеттіктерін қайта бөлу мен Үкіметтің қызметін бақылау жөніндегі Парламенттің рөлін күшейту туралы мәселелер талқыға салынды.
Сенатор С.Жақсыбеков университет қабырғасында ғалымдар мен сарапшылар, әділет және білім беру министрліктерінің өкілдері қатысқан жиналыста зияткерлік меншік және ғылымды коммерцияландыру саласындағы заңнамалық ережелерді талқылады. Пікірсайыс барысында Мемлекет басшысының жоғары оқу орындарының әлеуетін дамыту, инновацияларды қолдау және оларды өндіріске енгізу жөніндегі алға қойған міндеттерін іске асырудың келешегі туралы айтылды.
Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс бабындағы сапары барысында Сарыағаш ауданында болды.
Сенатор Сарыағаш қаласында аудан активімен, жергілікті мәслихат депутаттарымен, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, ауыл тұрғындары және жастармен кездесті. Жүздесуде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауы мен конституциялық реформаларды түсіндіру және насихаттау жөнінде жан-жақты әңгіме өрбіді. Жолдаудағы бес негізгі басымдыққа тоқталған сенатор еліміздің экономикасын өркендетуде әр өңірдің маңызы бар екенін ерекше атап өтті. Стратегиялық құжатта Елбасы алға қойған міндеттер аясында 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену үшін экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға арттыру және шикізаттық емес экспортты дамыту қажеттілігі айтылды.
Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Сарыағаш аудандық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Полат Тұрсынбаев аудан көлемінде Президенттің халыққа Жолдауы мен үндеуін түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатқанын айтып өтті. «Жас Отан» жастар қанаты Сарыағаш аудандық бөлімшесінің төрағасы, Сарыағаш аудандық жастар орталығының инспекторы Нұрғали Отаров Жолдауда айтылған мақсат пен міндеттердің жастарға қатысты тұстарына тоқтала келіп, қойылған міндеттердің жауапты екенін және жастарға зор үміт артылғанын жеткізді.
Жиын соңында аудан халқы Елбасының халыққа Жолдауына қатысты сұрақтар қойып, стратегиялық құжатты бірауыздан қолдайтындарын білдірді.
Сенат депутаттары Ертарғын Астаев пен Мұратбай Жолдасбаев Жамбыл облысында жұмыс бабындағы сапарда болды. Сенаторлар Қордай ауданындағы Отар және Қарасай ауылдарында кездесулер өткізіп, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктіктерді қайта бөлу жөніндегі реформалар мен Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауынан туындайтын басым міндеттер туралы ауыл тұрғындарын хабардар етті.
Депутаттар конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыда қолдау жөніндегі Парламенттің заң шығару қызметі жөніндегі жоспарлар туралы әңгімеледі. Е.Астаев өз сөзінде елімізді одан әрі жаңғыртудағы, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқаруды дамытудағы алдағы міндеттерге тоқталды. Аймақты әлеуметтік дамыту және инновациялық экономиканы қалыптастыру жөніндегі міндеттерге баса назар аударылды.
Сенаторлар Жамбыл ауданындағы Аса ауылында аудан активімен кездесті. Талқылау барысында жария етілген бағдарламалық құжаттың маңыздылығы атап өтілді. Кездесуде Сенат депутаты М. Жолдасбаев «Президент Жолдауы Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жөніндегі міндеттерді орындауды көздейді», - деп атап өтті.
Батыс Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапармен жүрген Парламент Сенатының депутаттары Рашит Ахметов пен Бірғаным Әйтімова Теректі ауданындағы «Ақас» агрофирмасының және Орал қаласындағы «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» акционерлік қоғамының еңбек ұжымдарымен кездесті.
Сенаторлар өз сөздерінде Конституцияға енгізу көзделіп отырған негізгі өзгерістер мен толықтырулар жайында айта келіп, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауының негізгі ережелерін жиналғандарға жан-жақты түсіндіру тұрғысында әңгімеледі.
Кәсіпорын қызметкерлері Конституцияға енгізу жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар бойынша заң жобасы мен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді қолдайтындарын жеткізе отырып, оның маңыздылығы мен уақытында жария етілгенін атап өтті.
Сенаторлар алдағы күндерде аймақтағы еңбек ұжымдарымен және оқу орындарының оқушыларымен кездесулерді жалғастырады.