Сенаторлар Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қарайды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата Бюросының отырысында депутаттар алдағы жалпы отырыстың күн тәртібін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сенаттың кезекті отырысы 12 қарашада өткізіледі. Онда Мәжіліс мақұлдаған «1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралады. Сондай-ақ, сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарайды», - делінген Сенат баспасөз қызметінің мәліметінде.

Сонымен қатар Бюрода Мәжілістен келіп түскен «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне берілді.

Одан бөлек, отырыс барысында сенаторлар өткен аптада ұйымдастырылған Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған Үкімет сағатының қорытындысына тоқталды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев іс-шара кезінде өзекті мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар айтылғанын атап өтті және алдағы уақытта оларды оң шешу үшін Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігіне назар аударды.


Соңғы жаңалықтар