Бүгінгі ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасын талқылау барысында сенаторлар тарапынан осындай пікірлер айтылды.
«Отандық телеарналар арқылы өз құндылықтарымызды толық көрсете алмай келеміз. Ұлттық, мемлекетшілдік рухқа тәрбиелейтін батырларымыз бен ақындарымызды, көсемдеріміз бен шешендерімізді, ұлттың ұлы тұлғаларын насихаттайтын, ұрпаққа ғибрат беретін ағартушылық бағдарламалар жеткіліксіз. Сондықтан телеарналар жанынан Қоғамдық кеңес құру қажет деп білемін», - дейді сенатор Қуаныш Айтаханов.
Тоқтала кететін жайт, Парламент қабылдаған заң бойынша телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселесін кешенді шешу мақсатында Үкімет жанынан тәуелсіз консультативтік-кеңесші орган құрылатыны көзделген болатын. Ал Қуаныш Айтаханов бұндай мемлекеттік кеңестен бөлек, қоғамдық кеңестің болғаны дұрыс дегенді алға тартады. «Бұның құрамына біздің ұлы тұлғаларымыз, ақын-жазушылар, мемлекет пен қоғам қайраткерлері кіріп, телеарна жұмыстарына бағыт-бағдар беріп отырса деген ұсынысым бар», - деді Қ. Айтаханов. Сонымен қатар, сенатор отандық телеарна хабарларының басым бөлігі қазақстандық мазмұнды құруы тиістігін де ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, өз кезегінде сенатор Жабал Ерғалиев заң жобасын қолдай отырып, телеарналар жанынан көркемдік, қоғамдық кеңес құрылуы тиіс дегенді де айтты. «Соңғы уақытта отандық бірқатар телеарналар ұлттық бітім-болмысымызға сай келетін хабарлар дайындаудың орнына ресейлік өнімдерді көшіріп таратуды әдетке айналдырып алған сыңайлы. Еліктеушілік басым», - дейді депутат. Оның айтуынша, «теледидар беттің әдемілігін ғана көрсететін құрал емес, идеология мен тәрбие құралы».