Түлкібас ауданына қарасты Түлкібас кентіндегі әк зауыты кеңес одағынан бері өз жұмыс істеп келеді.
Бүгінде тәулігіне 70 тонна әк өндіретін өндіріс ошағында, екі ауысыммен 90 адам жұмыс істейді.
Аталған кәсіпорын биыл жалпы құны 500 млн теңгеге әк өндіру, суландыру және ұнтаққа айналдыру жүйесін іске қосу, қайта құрылымдау жұмысын жүргізіп, қосымша 100 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
ҚР Парламент сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатвалдиев кәсіпорынның бүгінгі жағдайымен танысты.
Өндіріс ошағын модернизациялау үшін қаражат жетіспейтінін айтқан әк зауытының басшылығы депутаттардан осы жағдайға байланысты қолдау көрсетіп, тиісті шараларды қабылдауды сұрады.
Әли Бектаев бастаған депутаттар бұл мәселе бойынша жұмыстар атқарылып, тиісті мекемелер мен министрліктерге ұсыныс-хаттар жолданатынын жеткізді.
Сонымен қатар, депутаттар Түлкібас әк зауыты аумағында Түлкібас кенті халқымен еркін форматта кездесіп, көптің көкейінде жүрген қордалаған мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берді.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, ел игілігі үшін жұмыс атқарып жүрген халық қалаулыларына толағай табыстар тіледі.
Мұнан соң сенаторлар Күмісбастау ауылының маңында құрылысы жүріп жатқан ауыз су және хош иісті алкогольсіз сусын өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Жобаның жалпы құны - 7 600 млн теңге.
Аталған өндіріс ошағы жылына 65000-85000 тонна өнім өндіріп, алғашқы кезеңде 96 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
2022 жылдың шілде айынан басталған құрылыс жұмыстары 2024 жылдың наурыз айына дейін аяқталады.