Сенаторлар ветеринария саласындағы заңнаманы халықаралық талаптармен сәйкестендіру мәселесін талқылады

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын ветеринарлық сапа тұрғысынан және азық-түлік өнімдерінің, ветеринарлық дәрі-дәрмек пен емдік құралдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық талаптармен сәйкестендіру болып табылады. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі мен Жер кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы», «Ветеринария туралы», «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» және «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылып отыр. Заң жобасын талқылау және оны екінші оқылымда қарау барысында, сондай-ақ Сенат комитеттерінен түскен ескертпелер мен толықтыруларды ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Заң жобасы «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заңына өзгерістермен толықтырылды. Сондай-ақ «ветеринарлық бақылау орны», «ет өңдеу кәсіпорны» және «сою алаңы» секілді ұғымдар да қосылатын болды. Одан басқа Үкімет пен басқа мемлекеттік органдардың өкілеттігін белгілейтін баптармен және редакциялық және нақтылау сипатындағы бірқатар өзгерістермен толықтырылды. Кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қала құрылысын жоспарлаған, жер учаскелерін бөлген, құрылысты жобалаған және салған кезде су қорғау және табиғат қорғау тәртіптерін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Палата отырысында бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасын қарау барысында Сенат комитеттерінің ескертпелері мен ұсыныстары ескеріліп, Мәжілісте мақұлданған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі айтылды. Сөйтіп, заң жобасына кейбір ережелердің мемлекеттік тілдегі аудармасына, сондай-ақ жобада пайдаланылатын ұғымдарды нақтылауға қатысты түзетулер енгізілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің, Жер және Су кодекстерінің, «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы», «Шаруа қожалығы туралы» заңдардың жария етілу бастаулары сәйкестендірілді. Одан басқа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қала құрылысын жоспарлаған, жер учаскелерін бөлген, құрылысты жобалаған және салған кезде су қорғау және табиғат қорғау тәртіптерін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына «Нормативті құқықтық актілер туралы» заңның талаптарына байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.