Сенаторлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенаторлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасын қарап,

оны Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыс барысында аталмыш құжатқа қатысты баяндаманы Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев жасаған болатын. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды жетілдіруге бағытталған. «Қазіргі қолданыстағы

заң 1996 жылы қабылданған. Содан бері біршама уақыт өтті. Қолданыстағы заңға кейінгі уақыттары біршама өзгерістер енгізілгенімен онда бірталай кемшіліктер бар. Жаңа заңның қажеттігін біз жұмыс барысында ұғындық», деді министрі.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуде инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Сонымен қатар республикалық және өңірлік мүдделерді ұштастырып, минералдық-шикізаттық базаны толықтыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса құжат мемлекеттің басым құқығын жүзеге асыратын ведомствоаралық комиссияның, сондай-ақ еліміздегі жер қойнауын пайдалану, құқық берумен байланысты комиссиялардың қызметін егжей-тегжейлі регламенттейді.