Шараға сенаторлар, ішкі істер, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, инвестиция және даму, әділет, білім және ғылым, қорғаныс министрліктері мен Бас прокуратураның өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушыларға арнаған сөзінде Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай осы заңның негізінде халықаралық конвенциялар мен БҰҰ келісімдерінің міндетті талаптары, БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынымдары, сондай-ақ шетелдердің зерттеулері мен халықаралық тәжірибелер, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1968 жылғы 8 қарашада Венада қабылдаған және 2009 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстанда ратификацияланған Жол жүрісі туралы конвенциясы жатқанын атап өтті.
С.Ақылбай «Нұрлы жол» Жолдауындағы даму бағдарламасында Мемлекет басшысы жолдар «Қазақстан үшін өмір желісі» екеніне назар аударғанын атап өтті. Көлік желісін дамытып, жаңа магистралдар салып, еліміз арқылы жүк тасымалын жеделдете және ұлғайта отырып, жолдардағы қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету керек.
Жол жүрісі саласын реттейтін нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мәселелеріне қатысты С.Ақылбай бүгінгі дөңгелек үстел отырысы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті мен құқық қорғау органдарына жол жүрісі саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді қарастыру және өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Заң шығару үдерістерінде іске асырылатын тиісті бастамалар кәсіби тұрғыда жан-жақты зерделеу негізінде және осындай өзара тығыз іс-қимылда әзірленетіні күмәнсіз», - деді С.Ақылбай.