Осындағы жұртшылықпен, мәслихат депутаттарымен және еңбек ардагерлерімен кездесулердің басты тақырыбы Елбасының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының тарихи маңызын жан-жақты талқылауға арналды.
- Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы еліміздің әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуімізге кепілдік береді, - деді сенатор өз сөзінде.
- Біз үшін, әсіресе Елбасының Мәңгілік ел болу идеясы үлкен тарихи маңызы бар міндет болып саналады. Елбасы сол Мәңгілік елдің іргетасын бекемдеп көтеріп берді. Мәңгілік елдің Астанасы салынды! Жұртшылықпен пікір алмасу барысында сенатор теңге бағамының өзгеруіне түсіністікпен қарау қажеттігін айтты. - Халқымыздың тәуелсіздігі үшін біздің ата-бабаларымыз да талай тар жол, тайғақ кешуден өткен болатын. Кешегі алаш қайраткерлері де ел тәуелсіздігі үшін өз бастарын бәйгеге тігіп, қайсарлықпен күресті. Біз де тәуелсіздікті нығайту жолында кездесетін сынақтарға түсіністікпен қарап, сабыр сақтауға тиіспіз. Өйткені, бұл - біздің өз Тәуелсіздігіміз! - деді сенатор Жабал Ерғалиев.
Сенатормен пікір алмасу барысында ерейментаулықтар Ұлттық банктің бұл қадамына түсіністікпен қарап, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау және ел игілігі үшін еселеп еңбек ету қажеттігін айтты. Жергілікті тұрғындар депутат назарына өздерін толғандырып отырған мәселелерді жеткізді.
Жабал Ерғалиев Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен мәуліт мерекесіне қатысып, сөз сөйледі.
- Бүгінгі күн баршамыздың тәубемізге келіп, шүкіршілік қылар күніміз. Ел Тәуелсіздігінің қадірі мен қасиетін қазіргі кезде терең сезінетініміз даусыз. Өйткені, мынандай зәулім сарайда Пайғамбарымыздың туған айының мәуліт мерекесін өткізуді былай қойып, дінге сенудің өзі мүмкін емес еді ғой. Тәуелсіздіктің арқасында бүгінде дінімізді де ардақтап отырмыз, - деді сенатор өз сөзінде. - Ата заңымыз бойынша діни сенім бостандығына кепілдік берілген. Бүгінде өз дініміз бен өз тілімізді таза ұстау, оған берік болу өзекті мәселенің бірі. Әсіресе, жастардың түрлі теріс ағымдағы діндердің ықпалында кетпеуі үшін оларды халқымыздың салт-дәстүрі негізінде тәрбиелеуге ерекше мән берілуі керек. Сенатор Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауына сәйкес, Мәңгілік Ел болу мұратын іске асыру келешек ұрпаққа аманат болуы керек екенін айтты.
Ал Сенат депутаты Светлана Жалмағамбетова Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатында 10 кездесу өткізді. Ол Ақмола облысының Жарқайың, Целиноград, Астрахан, Атбасар, Сандықтау, Шортанды, Есіл аудандары мен Көкшетау, Степногор қалаларының жұртшылығымен жүздесті.
Тұрғындардың бәрі Жолдауды ықыласпен қарсы алды, деп атап өтті депутат. Сенатор 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетте әлеуметтік бағдарламаларды, сондай-ақ Ақмола облысындағы республикалық бағдарламаларды іске асыру үшін қарастырылған қаржы туралы аймақ еңбеккерлерін хабардар етті. Бұл ретте Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытуға 19 миллиард теңге, Астана қаласының маңайындағы аумаққа 10 миллиард теңге, моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Степногор қаласына 3,7 миллиард теңге, Көкшетау қаласы аймағын дамытуға 4,7 миллиард теңге бөлінеді.
Су, жол, жылу, әлеуметтік салалар бойынша әр аудандағы тұрғындарды мазалаған маңызды мәселелер 2014-2016 жылғы бюджетте бөлінетін қаржымен шешімін табатын болды.
Сайлаушылар сенаторға өздерін толғандырған мәселелер туралы әңгімеледі. Олардың ішінде аймақтағы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, Есіл, Атбасар қалаларындағы жылу қазандықтарының құрылысын салу, облыстағы кейбір ауылдарға электр жарығы мен су жеткізу, шағын жинақталған мектептерді қаржыландыру және оның жұмысы, зейнетақыны қайта есептеу және басқа да мәселелер бар.
Бұл күні сенатор Сергей Плотников Шығыс Қазақстан облысының Аягөз аудандық әкімдігіндегі ахуалдық орталығында Қазақстан Президентінің Жолдауын түсіндіру жөнінде кездесу өткізді.
Жүздесуге аудан әкімі Н.Нұрғалиев, қала әкімі Б. Байахметов, мәслихат хатшысы Т.Бозтаев және бөлім басшылары үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сенатор Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген еліміздің дамуының негізгі бағыттарын іске асыру туралы әңгімеледі. Қазақстандықтың әл-ауқатын нығайту және барлық азаматтарға қолайлы жағдай қалыптастыру елімізді жаңғыртуды жүзеге асырудың негізгі қағидалары екені айтылды. С.Плотников алға қойылған міндеттерді табысты іске асыру үшін барша азаматтардың бірлесе отырып, табандылықпен еңбек етуі қажет екенін атап өтті.