Сенатор орталық аудандық аурухана мен орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысымен танысып, мердігер ұйым басшылығымен жүргізіліп жатқан және алда жүзеге асырылатын жұмыстарды талқылады. Кездесу барысында осы жұмыстарды жүргізу үшін Мемлекеттік бағдарламалар аясында аудандық жұмыспен қамту орталығынан 102 адам қызметке орналасқандығы атап өтілді.
Сондай-ақ, Сұлтан Дүйсембинов Текелі қаласында болып, қаладағы газ тарату пунктінің жұмысымен, халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін «Текелі Су құбыры» кәсіпорнының сүзгі және сорғы станцияларының жай-күйімен танысты.
Депутат Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде Сенат қабырғасында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Сонымен қатар, жүздесу барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамалар талқыланды. Сенатор Президенттің Ұлттық құрылтай құру туралы бастамасына байланысты қоғамдық кеңестердің де рөлі мен маңызы арта түскенін атап өтті.
Сенатормен кездесуде кеңес мүшелері қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына қатысты мәселелердің өзектілігін айтты.
«Бұл мәселені өңірлерді аралау кезінде азаматтар жиі көтереді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және қоқыс полигондарын заңнама талаптарына сәйкес келтіру мәселесін бақылауға алып отырмыз. Мен өзімнің тарапымнан бұл проблеманы республикалық деңгейдегі уәкілетті органдар алдында көтеретін боламын», - деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.
Сонымен қатар, депутат Талдықорған қаласының тергеу изоляторында болып, «қаңтар оқиғаларына» байланысты тергеу барысымен танысты. Сұлтан Дүйсембинов тергеу іс-әрекеттерін жүргізу барысында құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажет, ал оқиғаларды бағалау әділ болуға тиіс екенін атап өтті.