Сенатта «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы талқыланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аясының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді ендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Бұл туралы ҚазАқпарат жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Енді прокурор ұсынылған өзгерістерге сәйкес айыптау актісін өз бетінше жасай алады, сөйтіп жеке жауапкершілік арта түсетін болады, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу органдарына жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Сенаторлар сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы мен қолданыстағы заңнамалық нормаларды сәйкестендіретін ілеспе 3 заң жобасын талқылады. Құжат Мемлекет басшысының VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті бірінші сессиясының ашылуында айтқан тапсырмаларын іске асыру аясында еліміз Парламенті депутаттарының бастамасы бойынша әзірленген болатын.

Заң жобалары Омбудсменнің қызметін жетілдіруге бағытталып отыр. Оның мәртебесі, мақсаты, міндеті мен қағидаттары, лауазымға сайлану және басқа да тәртіптері айқындалады. 9 заңнамалық актіге, оның ішінде 6 кодекс пен 3 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң жобаларын отырыс қорытындысы бойынша Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.