Сенатта асыл тұқымды мал басы санының өсімін жеделдетуге арналған құжат қаралды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және биоотын айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, уәкілетті органның құзыретін кеңейту ескерілген. Атап айтқанда, 13-бапта өкілетті органның құзыреті тиісті міндеттермен толықтырылады. Осы орайда жануарларға қатысты индекстік бағалауды жүргізу ережелерін әзірлеу және бекіту, жануарларға молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу қағидаларын әзірлеу, геномдық бағалау жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту қамтылады. Бағалаудың бұл әдістері дамыған елдерде асылдандыру ісіндегі кеңінен қолданылатын жаңа бағыттарға жатқызылады. Біз оларды мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін жедел арттыру мәселелерінде жұмыстың сапалы жаңа деңгейіне көшу мақсатында дамытуымыз керек», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы бағытындағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілеттіктерін күшейту қарастырылып отыр. Атап айтқанда, оларға селекциялық және өнімділікті арттыру жұмысының ақпараттық базасын жүргізу функциялары беріледі, сондай-ақ аталған ұйымдар өкілетті органмен бірлесіп жаңа нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысатын болады.

«Атап айтқанда, «молекулярлық генетикалық сараптама» жаңа бабы енгізілді. Онда аталған сараптаманы жүргізу кезіндегі негізгі ережелер, тапсырыс берушінің (жануар иесінің) және мамандандырылған зертхананың құқықтары мен міндеттері көрсетіледі», - деді министр.

Заң жобасының тағы бір жаңашылдығына тоқталсақ, асыл тұқымды орталықтарға ұрық сатып алу мүмкіндігін беру ескерілген.

Бұдан басқа, заң жобасы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» және «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жаңа тармақтармен толықтырылған.

«Жалпы қарастырылып жатқан Заң жобасындағы барлық қабылданып жатқан түзетулер өсіріліп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеуетінің денгейін арттыруға, асыл тұқымды селекциялық жұмыстардың сапасын жетілдіруге, асыл тұқымды мал басы санының өсімін жеделдетуге, сондай-ақ биоотын өндірісін қолдау мен дамытуға бағытталған», - деді Ербол Қарашөкеев.