Сенатта ауруханаларды қаржыландыруда қандай кемшіліктер бар екені айтылды

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бибігүл Жексенбай ауруханалар мен емханаларды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жағынан қаржыландыру мәселелері туралы айтты. Бұл тұрғыда Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың сөзіне қарағанда, көптеген емдеу мекемелерінде қордан қаржыландыру белгіленген сомадан 60 пайыздан 80 пайызға дейін жылдан жылға төмендеп бара жатқаны байқалып отыр. Нәтижесінде олар қалыпты жұмыс істей алмай келеді, жаңа технологияларды енгізе алмайды, қызметкерлерді ынталандыруға мүмкіндігі жоқ.

Сенатордың айтуынша, жылдық өтінімге сәйкес Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жағынан қаржыландыруды толық көлемде жүргізу керек.

«Медициналық ұйымдар жыл сайын бұрынғы көлемде өтініш береді. Ал аталған қордан қаржыландыру азайып барады. Екіншіден, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінген қаражат жыл сайын толық игерілмей қалатындықтан, оны әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының топтамасымен біріктірген жөн», - деді Б. Жексенбай.

Оның пайымынша, науқастарды емдеуде тек негізгі диагноз бойынша ғана емес, сонымен қатар басқа да ілеспе ауруы үшін де дәрігерлерге ақы төлеу маңызды.

«Егер науқаста негізгі ауруымен қатар ілеспе сырқаты болған жағдайда, ол емделген кезде барлық ем-дом үшін төлем жасалуы керек. Мәселен, науқас пневмония диагнозымен ауруханаға түскенде, тариф бойынша 120 000 теңге сома бөлінеді. Ал ол науқаста ілеспе патология, қант диабеті, артериялық гипертензия және басқа да аурулары анықталса, ӘМСҚ-дан қаражат бөлінбейді. Өйткені ақпараттық жүйеге тек негізгі диагноз ғана жазылады. Ал емдеу мекемесі осындай пациентке 120 000 теңгенің орнына барлық ілеспе ауруларын емдеуге 300 000 - 500 000 теңге жұмсайды», - деді депутат.