Парламент депутаты Алматы облысындағы қысқы спорт түрлері бойынша спорт орталықтары әрі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасының және даму деңгейінің төмендігіне алаңдаушылық білдірді.
«Өңірлерде қысқы спорт түрлеріне арналған жабық спорттық кешендер аз. Олардың көбі тек Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Сондықтан бұл мәселені тез арада қолға алып, барлық өңірде, соның ішінде Жетісу облысында қысқы спорт түрлерінен жабық спорттық кешендерді барынша көбейту керек деп ойлаймыз», - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.
Сенатор өңірде тиісті спорт ғимараттарын салуды, дарынды спортшы балаларға арналған Лепсі ауылындағы мектеп-интернатының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды, сондай-ақ Талдықорған және Текелі қалаларында, Ақсу ауданының Қапал ауылында қысқы спорт түрлері бойынша арнаулы және балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерін ашуды ұсынды. Сонымен қатар сенатор облыстағы Ескелді ауданында БЖСМ жанынан шаңғы бөлімін ашудың және облыс орталығында мұз сарайын салудың маңыздылығына назар аударды.