Сенатта рұқсат беру жүйесін жетілдіруге арналған заң жобасы талқыға түсті

АНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Онда депутаттар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Аталған заң жобасы рұқсат беру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналып отыр. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының жолдауларында Үкіметке әкімшілік реформа шеңберінде бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені батыл азайту, рұқсат беру жүйесін, ең алдымен лицензиялауды, сертификаттауды, аккредиттеуді одан әрі оңайлатуды тапсырған болатын. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін аталған заң жобасы әзірленген. Заң жобасымен 54 заңнамалық актіге, оның ішінде 5 кодекс пен 49 заңға өзгерістер енгізіледі. Енгізілген өзгерістер жекелеген рұқсат беру құжаттарын беру жөніндегі нормаларды, артық талаптарды, заңнамалық актілер нормаларының арасындағы қайшылықтарды алып тастауға септігін тигізеді. Бұдан бөлек, құжатта лицензия беру мерзімін қысқартуға, қызмет түрлерінің атауларын өзгерту жолымен жекелеген қызмет түрлерін лицензиялау жөніндегі талаптардың қолданылу саласын ықшамдауға бағытталған нормалар қамтылады.

Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы бұған дейін бірінші оқылымда мақұлданған болатын.