«Есепті жылы бюджет кірістерінің көлемі ұлғайып, көрсеткіш 109,1 пайызға артығымен орындалды. Шығыстар 98,3 пайыз игеріліп, 8 трлн 501 млрд теңгеге атқарылды. Ал әлеуметтік салаға 4 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінген болса, бұл жалпы шығыстардың жартысы. Олардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі былтырғы жылы 7,2 пайызға жетті. Сол сияқты бюджет тапшылығы 741 млрд теңгені құрады. Бұл жоспардан 161 млрд теңгеге төмен», деді Үкімет атынан 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті таныстырған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуынша, 2016 жылғы бюджеттің атқарылуының басты сипаттары - сыртқы теріс факторлар мен экономикамыздағы қиыншылықтарға қарамастан, әлеуметтік және экономикалық өсуге қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Ал бұл мақсаттар «Нұрлы жол» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың, дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралардың орындалуының арқасында іске асқан. Сол себептен де алдағы уақытта шығыстарды қаржыландырудағы кепілдендірілген трансферттің үлесі 2020 жылы біртіндеп 2 трлн теңгеге дейін азаятын болады.
Сондай-ақ, министр өз баяндамасында салықтық әкімшілендіруді жақсарту барысында екі маңызды мәселені шешу қажеттігін атады. Оның бір қыры - бизнеске қолайлы жағдай туғызу болса, екіншісі - мемлекеттік бюджет кірістерін ұлғайту. Көрші елдермен де кедендік статистиканың алшақтығын жою мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, импорттық тауарлардың барлық түрлеріне таңбалауды енгізу ісі де ілгерілеуде.
Бүгінде осы мәселе туралы жаңа келісімнің жобасы Еуразиялық экономикалық комиссиясында талқылануда, таңбалауға жататын тауарлардың тізімі комиссияның кеңесімен бекітіледі деп күтілуде. «Бұдан басқа, Қылмыстық кодекске ізгілендіру аясында тиісті өзгерістер дайындалды. Бұл өзгерістер мемлекет мүддесін қорғай отырып, экономика саласын қылмыстан арылтуға бағытталған. Салықтық бақылауда да бизнестің іс-әрекетіне араласпау принципін қолданатын боламыз. Осы айтылған шаралар бюджет кірістерінің өсуіне, көлеңкелі экономиканың азаюына, салық әкімшілендірудің жақсаруына көмектеседі деп сенеміз», деді Б.Сұлтанов.
Есепті талқылау барысында бюджет қаражатының игерілмеу сапасының өсуі, тиімсіз пайдалануы да сөз болды. Айталық, өткен жылы 268 млрд теңге шамасындағы қаражат тиімсіз жұмсалған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге аз. Сондықтан да бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру үшін біраз жұмыстар атқару жоспарланып жатқан көрінеді. Біріншіден, квазимемлекеттік субъектілердің бюджетпен қарым-қатынасы. Соңғы жылдары осы субъектілерге берілген жарғылық капиталдың сомасы ұлғайып, негізгі сомалар үш ұлттық холдинг арқылы экономиканы әртараптандыруға берілгені белгілі. Осыған байланысты өз ойын білдірген Бақыт Сұлтанов жоғарыда көрсетілген қаражатты азайту керек деген ұсыныстар да айтылғанын атап өтті. Ол үшін жоспарлау әдісін өзгертіп, бюджетке қаржы-экономикалық негіздемеде көрсетілген соманың бәрін бірден жоспарламай, кезең-кезеңімен қарастырылуы қажет екен.
Отырыста Қаржы министрінен кейін Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов пен Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков сөз алып, өткен жылғы бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептерін баяндады. Ал талқылау барысында депутаттар айтқан ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, Есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша қосымша баяндама әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.