Сенатта уран саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мәселесі көтерілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатор Мұрат Бақтиярұлы еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында жер қойнауы және оны пайдалану туралы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігі туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат осы сауалға Қызылорда облысының Шиелі ауданында жұмыс істейтін уран өнеркәсібінің 2000-ға жуық қызметкерінің өтініші негіз болғанын атап өтті.

Оның айтуынша, 2018 жылы күшіне енген Кодекс нормаларын қолдану барысында осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған шарттардың қолданылу мерзімін ұзарту сияқты мәселедегі олқылық байқалған. Мұндай жағдай уран кеніштерінде өндірістің тоқтап қалу қаупін туғызады. Ал бұл өз кезегінде жұмыссыздыққа, өңірлердегі әлеуметтік шиеленістің өсуіне, салық және бюджетке төленетін басқа да аударымдар мен төлемдердің, сондай-ақ жыл сайын өңірдің әлеуметтік дамуына аударылатын қаражаттың тоқтатылуына әкеп соқтыруы мүмкін.

«Өңірлерде белгілі бір әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жоғарыда аталған уран кеніштерінің қызмет ету мерзімін ұзарту мақсатында, биылғы жылдың қараша айының соңына дейін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, атап айтқанда, өтпелі ережелер тарауына осы Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған уранды өндіруге арналған келісімшарттардың қолданылу мерзімін ұзарту мүмкіндігін беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Осыған орай, құрметті Әлихан Асханұлы, Қазақстан Республикасының заңнамаларымен реттеу туралы мәселені қарастыруыңызды және қарапайым жұмыскерлердің жұмыс орнын сақтап қалуға барынша ықпал жасауыңызды сұраймыз», - деді сенатор.