«Сенаттың бірде-бір отырысынан қалмаған» - Kazinform тілшісі «Парасат» байқауының жеңімпазы болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенатта журналистер арасында өткен дәстүрлі «Парасат» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Кәсіби мереке қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтады.

Фото: Сенат

Палата Спикері бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық ақпараттық күн тәртібін қалыптастырудағы және елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың мәні мен мазмұнын халыққа түсіндірудегі айрықша рөліне тоқталды. Сондай-ақ ол қазіргі геосаяси сын-қатерлер мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде журналистердің қызметі жай ғана ақпарат таратумен шектелмейтінін атап өтті. БАҚ өкілдері бүгінде мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен ашық диалогтың маңызды көпіріне айналып отыр.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенат Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Бұл ретте Палата бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық әрі тығыз ықпалдастыққа басымдық беріп отырғаны да сөз болды.

«Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңінде аса маңызды тарихи сәтті бастан өткеріп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық референдумда жаңа Конституциямыз қабылданды. Осы үдерісте бұқаралық ақпарат құралдары айрықша рөл атқарғанын атап өткен жөн. Ашық пікірталастар, сараптамалар және теле-радио эфирлері арқылы заңнамадағы әрбір норма тыңғылықты талқыланып, азаматтардың қолдауына ие болды. Сондай-ақ Конституциялық комиссия құрамында жұмыс істеген БАҚ өкілдері де бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, олар Ата Заңның тең авторларының біріне айналды», – деп, Мәулен Әшімбаев журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Айта кетейік, биыл «Парасат» байқауына қатысу үшін 150-ден астам өтінім келіп түсті. Байқауға телеарналар, радио, баспасөз басылымдары, ақпараттық агенттіктер, интернет-порталдар, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.

2026 ЖЫЛҒЫ «ПАРАСАТ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

«Үздік телевизиялық материал» аталымы:

Ирина Әлімжанова («Qazaqstan» телеарнасы), Ердәулет Байдуллаев («Хабар» телеарнасы), Әлібек Рзабаев («Бірінші Еуразия» телеарнасы).

«Мерзімді баспасөздегі үздік материал» аталымы:

«Время» газетінің ұжымы, Гүлзина Бектасова («Aiqyn» газеті), Қарагөз Сімәділ («Ana tili» газеті).

«Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» аталымы:

Руслан Ғаббасов (Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі), Рабиға Дүйсенғұлова («Tengrinews.kz» ақпараттық агенттігі), Зарема Абдрахметова («BES.media» ақпарат агенттігі).

«Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым» аталымы:

Сабина Садиева, Тимур Асылханов.

«Жылдың үздік сараптамалық материалы» арнайы сыйлығы:

Боян Бркич («Euronews»).

«Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы:

Бану Әділжан («Egemen Qazaqstan»). 

Айта кетелік кеше Президент бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін мерекесімен құттықтаған еді