«Кеше Елбасы Н. Назарбаев сессияны ашу барысында Парламенттің алдындағы басым міндеттерін бес бағыт бойынша нақты айқындап берді. Ел экономикасын одан әрі нығайту, инновациялық үдерістерді, «жасыл экономиканы» дамыту, сонымен бірге құқық қорғау органдарындағы реформаларды одан әрі дамытуды Президент бес міндеттің бірі ретінде көрсетті. Сондықтан да, бұл бағыттағы заң жобаларын уақытылы және сапалы деңгейде қарау біздің міндеттеріміздің бірі болмақ. Бұдан бөлек, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізу үшін заң топтамаларын қарап, сессия барысында талқылайтын боламыз. Бұны Мемлекет басшысы шұғыл қаралуы тиіс заң жобалары деп жариялайтынын тағы да айтып кетті», - деді Қайрат Мәми.
Сонымен қатар, спикер Сенат алдында жауапкершілігі мол міндеттер тұрғанын, депутаттық корпус пен аппарат келіп түскен заң жобаларын сапалы қабылдауда жігерлілік танытатынына сенім білдірді. «Осы үшін біз Үкіметпен бірге ынтымақтастықта қызмет етуге әзірміз. Көптеген маңызды мәселелерді ақылға салып, бірлесе шешеміз деп ойлаймын», деді Қ. Мәми.