Сенаттың Бюро отырысы болды

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Бюро отырысы болды.

Бюрода Сенаттың тұрақты комитеттері мен палата Аппаратына Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобалары берілді.

Атап айтқанда, «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке басты куәландыратын құжаттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын одан әрі пысықтау үшін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бас комитет болып белгіленді.

Бюрода, сондай-ақ, Сенаттың 2012 жылғы 1 қарашада болатын кезекті отырысының күн тәртібі талқыланды. Отырыста «Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері өкілдіктерінің қызметі мәселелері бойынша кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарау жоспарланып отыр.

Одан басқа, «Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын қарау көзделуде. Екі заң жобасы да бірінші оқылымда қаралатын болады.