Сенаттың «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасына енгізген 56 түзетуі Мәжілісте қаралады

АСТАНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарап шығып, өз қорытындысын берді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Айта кету керек, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасын Мәжіліс 2009 жылғы мамырдың 13-і күні екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберген еді. Сенат Кодекстің жобасын өзгерістерімен және толықтырулармен Мәжіліске қайтарған болатын.

 «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасына Сенат барлығы 56 түзету енгізді. Бұл ретте Кодекс жобасына Мәжілістің 400-ге жуық қабылданған өзгерістер мен толықтырулар енгізгенін атап өту керек.

 Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар Кодекс жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді, редакциялық және нақтылайтын сипатта. Олардың бірқатары Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі ағымдағы жылғы маусымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына байланысты болды.

Кодекс жобасына Сенат енгізген түзетулер, ертең, маусымның 24-і күні Мәжілістің жалпы отырысында талқыға салынатын болады.