Бюрода Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттері мен Аппаратқа берілді. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Бюро бекіткен қаулыға сәйкес, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Ал Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Сонымен қатар, Бюрода биылғы 23 мамырда болатын Сенаттың кезекті жалпы отырысының күн тәртібі де талқыланды. Отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Қазақстан аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобаларын қарау жоспарланды.
Сенаттың жалпы отырысында сондай-ақ еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне Кеден одағында тарифтік емес реттеу шараларын қолдану (бірінші оқылым), экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту (екінші оқылым), зейнетақымен қамсыздандыру (екінші оқылым) мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы (екінші оқылым) заң жобаларын да қарайтын болады.
Сонымен қатар еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне төреліктің және аралық соттың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша Парламент Мәжілісі мен Сенат арасындағы келіспеушіліктерді қарау және еңсеру үшін келісу комиссиясының құрамына Сенат депутаттарын сайлау туралы мәселе де қаралады.