Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Жалпы отырыста Сенат Бюросы 12 мәселені күнтәртібіне шығарып отыр. Атап айтқанда, сенаторлар «Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысын ратификациялау туралы» заң жобасы, «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің күшін жойылды деп тану туралы» заң жобаларын талқылайтын болады. Бұдан бөлек, сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы заңға өзгерістер енгізетін құжат та талқыға түседі. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» жобалар бірінші оқылымда қаралады. Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар екінші оқылымда талқыға салынбақ.