Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметінен хабарлады.
Жоғарғы Палатаның Төрағасы парламенттік сессияның ашылуында Президент алға қойған міндеттерге назар аударды.
«Елбасы Н.Ә.Назарбаев үшінші сессияны ашу барысында сөйлеген сөзінде Парламенттің биылғы сессиядағы басым міндеттерін бес бағыт бойынша нақты айқындап берді. Ел экономикасын одан әрі нығайту, инновациялық процесстерді, «жасыл экономиканы» дамыту үшін бірқатар заң жобаларын уақтылы қарап, қабылдауға жауаптымыз. Сондай-ақ, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру мен өткізуге байланысты заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу мәселесін шұғыл түрде қарау жоспарлануда», - деді Төраға.
Қ.Мәми қылмыстық және әкімшілік заңнаманы, құқық қорғау органдарының және сот жүйесінің жұмысын жетілдіруге бағытталған заңдар топтамасын да қабылдау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Төраға республикалық бюджетті атқару, оның ішінде мемлекеттік қаражаттың шығысына, олардың дер кезінде игерілуі жөніндегі Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге әріптестердің назарын аударды.
«Біздің алдымызда жауапкершілігі мол міндеттер тұр. Депутаттар қаралатын заңдарды мұқият зерделеп, сапалы түрде қабылдау үшін бар күш-жігерін аямайды деп ойлаймын. Біз осы сессияда алдымызда тұрған міндеттерді Үкіметпен бірге ынтымақтастықта қызмет етуге дайынбыз, көптеген маңызды мәселелерді ақылдаса отырып шешеміз деп сенемін», - деп атап өтті Қ.Мәми.
Отырыста өкілеттік мерзімі аяқталған депутаттар Әділ Ахметов, Оралбай Әбдікәрімов, Ғарифолла Есім, Болат Жылқышиев, Ғани Қасымов, Александр Судьин, Юрий Цхай, сондай-ақ Сенат Аппаратының бұрынғы басшысы Қайрат Нұрпейісов ұлттық заң шығару жүйесін қалыптастыру мен жетілдіру және парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін Парламент Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Өткен алты жылда Сенат депутаттары ретінде сіздер ел игілігі үшін білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді аямай өздеріңізге жүктелген жұмысты адал атқардыңыздар. Сіздердің осындай еңбектеріңізді әріптестеріңіз ғана емес, қалың жұртшылық та жоғары бағалайды», - деді Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми.
Палата отырысында Қ.Мәмидің ұсынысы бойынша Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары болып Асқар Бейсенбаев сайланды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған жеті депутат Сенаттың тұрақты комитеттері құрамына сайланды. Бірғаным Әйтімова, Сергей Громов, Ләззат Қиынов, Георгий Ким Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына енді. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау комитетіне Дулат Құсдәулетов сайланды. Серік Нөгербеков Қаржы және бюджет комитетінде, Нұрлан Оразалин Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде еңбек ететін болды.
Ал Сергей Кулагин Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болып сайланды.