Сенбі күні республиканың бірқатар өңірінде жел күшейеді - Қазгидромет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі, 27 қыркүйек күні республиканың басым бөлігінде жаңбыр жауып, жел күшейеді, тек батыс пен шығыс өңірде ғана ауа райы жауын-шашынсыз. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл,, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, түнде Атырау, күндіз Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында 15-20 м/с жел соғады, ал Жамбыл облысында желдің екпіні 25 м/с-қа дейін барады. Алматы облысының кей жерлерінде 15-20 м/с-қа дейін жел соғып, найзағай ойнап, шаңды дауыл тұрады. Маңғыстау, күндіз Солтүстік Қазақстан облыстарында 15-20 м/с жел тұрып, түнде және таңертең тұман түседі.