Сенбі мен жексенбіні асыға күтетін сананы өзгерту керек - академик Қазкенов
Мұндай пікірді бүгін Астанада академик Қазбек Қазкенов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ашығын айтайық, қазіргі кезде барлығымыз жұмыста жүргенде сенбі мен жексенбіні асыға күтеміз. «Дүйсенбі болса екен» деп жүретіндер жоқ қой. Ол бізге ғана емес, барша адамзатқа тән проблема.Оны ешқандай нормативтік актілермен түзете алмайсың. Адам шын көңілмен жұмыс істемейді. Біз «Жалпығы ортақ Еңбек Қоғамы» деген жақсы бастаманы көтерген едік. Оны да ұмытпау қажет. Біз түріктің Сүлейманын талқылауды қойып, Бил Гейтстің жетістікке қалай жеткеніне көз жеткізуіміз керек»,- деді Қазкенов Астанада өткен жиында.
Академиктің айтуынша, халықтың санасын өзгертуге болады. Тарихта ондай мысалдар аз емес. «Кезінде Махатма Ганди жалғыз өзі халықтың санасын өзгертем дегенде бүкіл Үндістан, Еуропа мен Ұлыбритания күлді. Алайда бір жылдан кейін ол индустардың санасын өзгертті. Ағылшындар елден кетуге мәжбүр болды. Мао Цзэдунның тұсында түрмеде екі рет отырып шыққан Дэн Сяопинді алайық, ол 1 млрд. 300 млн. қытайлықтың санасын өзгертті. Ол халықтың менталитетін өзгертті, нарықтық заманға бейімделуге көмектесті», - деп атап көрсетті философ ғалым.