Сенегал құрамасына Африка чемпионы атағы қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Спорттық арбитраждық сот (CAS) Сенегал құрамасына Африка ұлттары кубогының жеңімпазы атағын қайтарды.

Фото: Сенегал футбол федерациясы / fsfoot.sn

Сот Африка футбол конфедерациясының (CAF) Марокко құрамасын жеңімпаз деп тану туралы шешімінің күшін жойды. Бұл туралы Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлады.

2026 жылғы қаңтарда Сенегал құрамасы турнирдің финалында Марокконы 1:0 есебімен жеңген болатын. Алайда наурыз айында CAF апелляциялық комитеті жарыс ережесін бұзғаны үшін Сенегал құрамасына 0:3 есебімен техникалық жеңіліс тіркеді.

Бұған сенегалдық футболшылардың өз қақпасына пенальти белгіленуіне наразылық білдіріп, алаңнан кетуі себеп болды. Матч 15 минуттан астам уақытқа тоқтап қалды.

Ойыншылар алаңға қайта оралғаннан кейін кездесу жалғасты. Марокко футболшысы Браим Диас пенальтиді сәтті орындай алмады. Ал қосымша уақытта Сенегал құрамасының жартылай қорғаушысы Пап Гей жеңіс голын соқты.

Сенегал футбол федерациясы CAF шешіміне Спорттық арбитраждық сотқа шағым түсірді. Сот отырысы 8 қазанда Швейцарияның Лозанна қаласында өтті.

Үш төрешіден құралған алқа матчты жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім қабылдау тек бас төрешінің құзыретіне жататыны жөнінде бірауыздан қорытынды жасады. Оның әрекетін өз бетінше қабылданған негізсіз шешім деп тануға ешқандай дәлел табылмаған.

Осылайша, финалдық матчтың нәтижесі өзгеріссіз қалды. Сенегал құрамасы Африка ұлттары кубогының екі дүркін жеңімпазы ретінде ресми түрде танылды.

Сенегал футбол федерациясы сот шешіміне әлеуметтік желіде кубок ұстаған ұлттық құраманың суретін жариялап, «Қайтадан және мәңгілікке» деген жазба қалдыру арқылы жауап берді.

Бұған дейін Бразилияда футбол матчы жаппай төбелеспен аяқталып, ойыншыларға 53 қызыл қағаз көрсетілгені хабарланған болатын.