Билли Джо Сондерс кеше «Барыс-Аренада» өткен бокс кешіне арнайы келген болатын. Кеш барысында ол рингке шығып, сұхбат берді және қонақжайлығы үшін қазақстандықтарға алғыс айтты. Сол жерде ол Головкинге Қазақстанда кездесу өткізу жөнінде ұсыныс жасады.
«Қонақжайлығы үшін Қазақстанға көп рахмет. Мұндағы жанкүйерлер керемет. Мен осы «Барыс-Аренада» Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға қарсы болмас едім. Ол - ұлы чемпион. Менің онымен осы Қазақстанда кездесуге мүмкіндігім болған еді», - деді ол.
Сондерстің айтуынша, оның келесі қарсыласы кім болатыны белгісіз. MTK Global мен боксшының промоутері Фрэнк Уоррен алдағы жекпе-жекке әлі ешкімді ұсынбаған.
«Бірақ мен осы «Барыс-Аренада» айқас өткізуге дайынмын. Мен өзім соны қалаймын. Дәл осы жерде Головкинмен жұдырықтасқым келеді. Ол - тамаша боксшы, ұлы чемпион, бірақ маған осындай мүмкіндікті берсе деймін. Головкин, мен сенің отаныңда тұрып, сені айқасқа шақырамын», - деді Сондерс.